«Абай әлемі» кітаптар топтамасының кезекті легі оқырманға жол тартты. Өңір руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан бастама 2018 жылы қолға алынған болатын. Осы уақыт аралығында оқырман қауымға 66 мыңға жуық кітап таныстырылды. Кітаптар топтамасы облыс әкімдігінің бастамасымен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында жүзеге асырылып келеді.
Бұл күні өнер мұражайына жиналған кітап сүйер қауымның қарасы қалың. 2018-2023 жылдар аралығында топтама аясында 65 889 данамен 95 кітап жарық көрді. Оның қатарында 66 автордың жеке кітабы, 9 жинақ, абайтанушылардың 5, Абай шәкірттері мұрасының 4 томдығы бар.
Ал Аймұхамбет Бейсембеков құрастырған «Қазақ сатирасының антологиясы» тұңғыш рет жинаққа енді.
Топтамаға жас ақындардың туындылары енді. Биыл өңірдегі ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттайтын «Төр Алтай» әдеби журналы да жарық көрді.
Кеш барысында Бошай Кітапбаевтың 100 жылдығына арналған жыр сайысы да ұйымдастырылды. Оған өңірдегі барлық аудан мен қаладан 12 ақын қатысты. Олар Еңбек Ерінің қайраткерлік тұлғасын өлеңмен өрді. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған мүшайраның мақсаты өңірдегі ақындардың өлеңін насихаттап, қаржылай қолдау көрсету.