Өскеменде туризм саласының дамуына үлес қосқан үздіктер бас қосты. Бұл салада көп жыл бойы нәтижелі еңбек еткен 30-дан аса кәсіпкер облыс әкімі Ермек Көшербаевтың мақтау қағаздарымен марапатталды.Салтанатты шараға арна тілшілері де барып қайтты.
Туризмді түлетуге бағытталған жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өңірде ішкі және сыртқы туризмді дамыту басты назарда екенін алға тартты. Сондай-ақ алдағы уақытта Шығысты туризмнің нағыз қайнаған ортасы ету жоспарда деді. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасының артуына оң әсерін берері сөзсіз. Туризмнің тоқсан тарау бағыты бар. Өңірдің имиджін қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды тарих пен мәдениетті таныстыруға да болады. Осы орайда өңірдегі 30 үздік кәсіпкер марапатталды. Солардың бірі – Бағжан Марксұлы. Бозанбай ауылының тумасы. Ол ұлттық өнерді насихаттау, этнотуризмді дамыту мақсатында туған жерінде «Сал сері» атты тур ұйымдастырған. Серілік құрып, саятшылықты сүйетін жандар үшін таптырмас олжа. Жалпы аймақта сан салалы туризмді дамытам деушілерге мемлекеттен үлкен көмек көрсетіледі.
Осындай ауқымды шараларға кәсіпкер ретінде атсалысып, мемлекет қазынасына қаражат құйып жүрген, халқының қалаулы, елінің елеулі азаматтарының еңбегі айтуға да, мақтауға да тұрарлық екендігі рас.