Елде 2020 жылдан бастап бала асырап алуға ниет білдірген әрбір отбасы патронаттық ата-аналар мектебінде оқудан өтуге міндеттелді. Мұндай орталық Өскеменде де іске қосылды. Онда бала асырап алғысы келетін әр жанұя онлайн-тренингтерден өтіп, емтихан тапсырады.
Өскеменде бала асырап алуға ниеттілерге жан-жақты көмек көрсететін ата-аналар мектебі бар. Мұнда оларға психолог мамандар дәріс оқып, отбасында жиі кездесетін түйткілді мәселелерді оңтайлы шешудің жолын көрсетеді. Облыста сәбилерді бауырына басқысы келген ата-аналар баршылық. Солардың бірі – Ұранбаевтар отбасы. Отағасы Бауыржан Ұранбаев патронаттық ата-аналар мектебі туралы БАҚ естіген. Отбасында жалғыз баласы болғандықтан, жұбайымен ақылдасып, бала асырап алуды жөн көрген. Өткен жылдың маусым айында ерлі-зайыпты оқудан өтіп, бала асырап алған. Жазғы каникулда бала қазақ тілін жетік меңгеріп, қыркүйекте мемлекеттік тілде оқытатын мектепке оқуға берген.
Бала асырап алуға келген әр отбасына ата-аналар мектебінде ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, бұл бөбектеріміздің жарқын болашағы отбасына байланысты, дейді мамандар.
Аймақтағы патронаттық ата-аналар мектебі 2020 жылдан бері онлайн жұмыс істейді. Осыған дейін мектептен 245 азамат оқуды сәтті аяқтап, олардың жартысы бала асырап алуға ниет білдірушілер ретінде тіркелді. Бағдарлама 42 сағаттық сабақтан тұрады.
Қазақ қашанда жетімі мен жесірін жылатпаған ел. Қазір елдде ата-анасыз қалған бөбектерді бауырына басқысы келетін жандар қатары артқан. Тек көпшілігінің жауапты қадамға батылы жетпей жатады. Ата-аналар мектебі дәл осы тұрғыда көмек көрсетеді.