Білімді ұрпақ – кемел келешек. Білім саласындағы тың бастамалар мен жаңашылдықтан қалыс қалуға болмайды. Өйткені жаңа технологиялар күн санап дамыған қоғамда өскелең ұрпақ білімі соған сай болғаны абзал. Әсіресе, IT саласын дамытуға басымдық беру қажет. Сонымен қатар көп балалы отбасындағы балалар мектепке дейінгі білім мекемелеріне тегін барулары керек. Осы және өзге де мәселелер сала мамандарының басын қосқан жиын барысында талқыланды.

Облыстық білім беру басқармасы мамандарының мәліметі бойынша өңірде мектепке дейінгі білім беретін 200 –ден аса балабақша бар. Оның 88-і жекеменшік мекеме. Сонымен қатар осы бағытта 180 шағын орталық жұмыс істейді. Биыл екі мыңға жуық бала мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме тәрбиеленушілер қатарына қосылады. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаевтың қатысуымен өткен жиында айтылды. Бұдан бөлек мектеп және колледж түлектерінің білім деңгейін жетілдіру мақсатында жаңа технологияларды қолданысқа енгізу жайы сөз болды. Тіл меңгеруде жаңа әдістемелердің қажеттігі айтылды. Агросекторды дамыту масқатында білікті маман дайындау бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды шаруаның бірі. Сондай-ақ осы бағытқа негізделген жоспар құру бүгінгі күн қажеттілігі.

Жиында сөз болған тағы бір мәселе балалар мен жасөспірімдер арасында қорқыту, бопсалау. Бұл мәселені шешу үшін мектеп психологтары, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерін тарту керек. Санға емес сапаға жұмыс істеу маңызды деген аймақ басшысы бала тәрбиесі бірінші орында болу керектігін алға тартты.

Бұл жиында ерекше қажеттіліктері бар балалардың мәселесі де шет қалмады. Күтім жасау, білім алуына қолайлы жағдай туғызу арқылы қоғамның толыққанды мүшесі екендіктерін сезіндіру маңызды.