Өңірде жас буынға арналған жаңа мектептердің ашылу кезеңі басталды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген еңселі білім ордалары – елдің жарқын болашағына, өркениетті ұрпақ тәрбиелеуге жасалған маңызды қадам. Заманауи стандарттарға сәйкес салынған мектептерде ғылым мен өнер тоғысып, оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, қиялына қанат бітіреді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шемонаиха ауданында жаңа білім ошағы қолданысқа берілді.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасын өңірде жүзеге асыру қарқынды. Аймақта бір ауысымда үш мыңға жуық оқушыны қабылдауға қауқарлы жеті мектеп пайдалануға берілді. Мәселен, Өскеменде – үш, Риддерде – бір, Глубокое ауданында – екі және Шемонаихада – бір білім ошағы жас өрендерге есігін айқара ашты. Бұл – өңір тарихындағы маңызды белес.

Нәзигүл Тотекина, Шемонаиха ауданы бойынша білім бөлімінің Шәкәрім атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры:

Мектебімізде ата-аналармен кездесу, ашық есік күнін өткіздік. Бұл ашық есік күнінде ата-аналарымызға мектебіміздің барлық жағдайын көрсеттік деп ойлаймын. Ол кісілер біздің спортзалымыздағы балалардың, өз балаларының қалай дайындалып жатқанына және асханада қандай тамақ ішетіні туралы, сабақта қалай отыратындықтары, қандай ғылыми жұмыспен айналысатындығы және сабақтан кейінгі уақыттарын қалай өткізетіндігі туралы толық ақпарат алды деп ойлаймын.

Шемонаиха ауданындағы бұл мектеп заман талабына сай жабдықталған. Мұнда STEM-зертханалар, робототехника сыныптары, соңғы үлгідегі физика мен химия кабинеттері, коворкинг аймақтары және оқушылардың демалуына арналған бөлмелер бар. Ең маңыздысы – ерекше білімді қажет ететін балалар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта жасалған. Пандустар, лифт, арнайы бағыттаушылар мен инклюзия кабинеті – білімнің баршаға қолжетімді екенін айғақтайтын игі бастама.

Құндыз Нұрбекова, Шемонаиха ауданының тұрғыны:

Біздің балалар осы мектепте оқиды. Оныншы сыныпта оқимыз. Бұл мектепе өте жайлы, ыңғайлы. Бізге бұл мектепте оқыған ұнайды. Бұл жерде үлкен спортзал, өте ыңғайлы, барлық жағдай жасалған. Асханасы – өте керемет жұмыс жасайды. Актовый залы бар, өте үлкен. Бүгін біз бұның барлығын аралап, таныс болдық.

Аудандағы оқушылар түрлі білім сайыстарында топ жарып жүр. Жас өрендер өткен оқу жылында облыстық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Бұдан бөлек, халықаралық, республикалық додаларда да жеңіс тұғырынан көрінген. Жаңа мектеп - жас буынның рухани жетіліп, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына жол ашатын, таусылмас білім қазынасы.

Талант Тұрсынов