Облыс әкімдігінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті. Қатысушылар құжатта белгіленген негізгі бағыттарды саралап, өңір үшін басым міндеттерді айқындады. Басқосуға салалық басқармалар мен департаменттердің, саяси партиялардың, жоғары оқу орындарының басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрлық технологиялардың еңбек нарығын жедел өзгертетінін атап өтті. Әлемде жасанды интеллектіні меңгерген мамандарға сұраныс күннен-күнге артып келеді. Осыған байланысты, жиында заманауи технологияларды енгізу мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Өз сөзінде өңір басшысы цифрландырудың бүгінде даму драйверлерінің бірі екенін атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Жолдаудағы негізгі тақырыптардың бірі – цифрлық технологияларды жедел дамыту және тұрақты цифрлық экономиканы қалыптастыру. Президент атап өткендей, жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанға уақытпен қатар жүру жеткіліксіз, біз жаһандық технологиялық үрдістердің белсенді қатысушысы болуымыз қажет. Бұл өндірістен бастап ауыл шаруашылығы, білім беру, медицина және мемлекеттік басқару салаларына дейінгі барлық бағыттардың ауқымды цифрлық трансформациясын білдіреді.

Жиында салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдері Жолдауды талқылап қана қоймай, оны нақты жобалар мен бағдарламаларға айналдыру жолдары жөнінде пікір алмасты. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов алда жеті негізгі міндет тұрғанын атап өтті. Олар – қомақты инвестиция тарту, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығару, көлік-логистика саласын өркендету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ адами капиталды дамыту. Аймақта цифрлық экономика бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект көмегімен жылу көздерінің жағдайы, су тасқыны қаупі, егін шығымдылығы және өзге де салаларда мониторинг жүргізіледі. Соның бірі – гидробекеттердің деректерін талдап, ықтимал қауіп-қатерді болжауға мүмкіндік беретін бірегей платформа.

Дмитрий Левитанус, «Rating» ЖШС директоры:

Платформаға 1990-жылдан бері Қазгидрометтен алынған су деңгейіне қатысты деректер жүктелді. Облыста 49 гидробекет бар. Қиындық – деректердің қолмен алынуында. Жобаның идеясы – гидробекеттерді арнайы датчиктермен жабдықтау. Олар онлайн режимде тек су деңгейін ғана емес, ағын жылдамдығын, шығынын, қар жамылғысының деңгейін, су мен ауаның температурасын, ылғалдылықты да беріп отырады.

Бұдан бөлек, Жолдауда ірі әрі жоғары технологиялық инвестиция тартуға айрықша назар аударылды. Мемлекет басшысы ел индустриясының сенімді тау-кен металлургия кешені туралы айтты. Оның үлесі ұлттық экономикада 8 пайызды құрайды. «Тау-кен металлургиясы қашанда Қазақстанның жаңа индустриалды қалыбының сенімді тірегі болып келеді. Бірақ оның даму әлеуеті зор. Әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар», – деді Президент. Алдағы үш жылда жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорын іске қосылуы тиіс. Осы орайда облыстық кәсіпкерлік және индустрия басқармасының басшысы Исатай Ансат аймақта литий қорының зерттеліп жатқанын айтты.

Исатай Ансат, облыстық кәсіпкерлік және индустрия басқармасының басшысы:

Литийдің түрлі формалары бар. Сондықтан осы кезден бастап, анықтауымыз керекпіз, ол бізде қандай литий. Соғанболашақта қандай құрал жабдық қажет болады. Соған байланысты үлкен жұмыстар жүргізіп, анықтауымыз керекпіз. Болашақта литий батареяларын шығарамыз ба деген жоспарымыз бар.

Жиында айтылған бастамалар мен ұсыныстар өңірдің тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа технологияларды кеңінен енгізуге жол ашпақ. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов басқармаларға 2027 жылға дейінгі салалар бойынша негізгі шараларды қамтитын жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі өңірлік Жол картасын әзірлеп, бекітуді тапсырды.

Қымбат Иманғали