Облыс орталығында «Дәстүр сабақтастығы – мәдениет кепілі» атты танымдық шара өтті. Өнер музейінде қолға алынған бастама ұмыт бола бастаған дәстүрді қайта жаңғыртуға бағытталған. Бұл жолы Шымкент қаласынан келген керуен қазақ халқының бай мұрасын көпшілікке таныстырды.

Алдымен жергілікті қолөнер шеберлері көрме өткізіп, артынша халық әндері шырқалды. Күй тартылып, көпшілік концерттік бағдарламаның куәсі болды. Шараның мақсаты - ұлттық салт-дәстүрдің мәңгілік құндылық екенін еске салып, ұмыт қалған мұраны қайта жаңғырту. Көрермен назарына «беташар», «тұсау кесу», «есім қою» секілді дәстүрлер қойылым ретінде ұсынылды.

Жұман Абдиев, Шымкент қаласы «Салт-дәстүрлер орталығының» директоры:

Тал бесіктен – жер бесікке дейін дейді ғой, осы аралықтағы қаншама тиымдар және дәстүрлер бар. Соның ішінде, келін ақ босағаны аттағаннан бастап, өмірге ұрпақ әкеліп, тұсауын кескенге дейінгі аралықтағы дәстүрімізді насихаттадық. Алдағы уақытта бұл іс-шара жалғасын табады.

Шығысқазақстандық шеберлердің көрме-жәрмеңкесі қонақтардың назарын ерекше аударды. Мұнда келушілер назарына  – көркем кесте, киіз, табиғи тас пен саздан жасалған қолөнер бұйымдары ұсынылды. Әрбір экспонат – мәдени мұраның бір бөлшегі. Шеберлердің қолынан шыққан әр бұйымда ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлттық дәстүрдің ізі жатыр.

Раиса Мухамеджанова, ШҚО қолөнершілер ресурстық орталығының жетекшісі:

Бұл – Шымкенттен келген қонақтардың бастамасымен жүзеге асқан жоба. Олар бізге екінші жыл қатарынан тәжірибе алмасу мақсатымен келіп отыр. Біз өз өнерімізді үйретеміз, олар өз шеберліктерін танытады. Алдағы уақытта біз де олардың шақыруымен оңтүстікке баруды жоспарлап отырмыз.

Жоба аясында облыс орталығы тұрғындары ата-баба дәстүріне қанық болып, көне ғұрыптар мен қолөнер сырын тануға, Қазақстанның әр аймағының бай мәдениетімен сусындауға мүмкіндік алды.

Талант Тұрсынов