Өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Заманауи оқу орындары оқушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта ұсынып, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бүгінде бұл мектептерде төрт мыңға жуық бала білім алуда.
Жаңа оқу ордасында сапалы білім беру үшін барлық жағдай қарастырылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, спорт залдары мен санитарлық бөлмелер бар. Сондай-ақ, жеке шкафтар, кітап оқу бұрыштары мен демалыс аймақтары жасақталған.
Әлия Сейітқұмарова, облыстық білім басқармасының жетекші маманы:
Қазіргі таңда жалпы 7 мектепте 3788 оқушы білім алуда. Оларға 275 білікті педагог дәріс береді. Келешек мектептерінің білім беру процессі тәрбие үрдісі Оқу-ағарту министрлігінің тікелей бақылауында.
Жақын арада аймақта тағы төрт мектеп салу жоспарлануда. Оның ішінде 1200 орындық жатақханасы бар облыстық «Білім-Инновация» лицейі.
Ерназ Мұқатаев, ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының м.а:
Жаңа мектептер тек бюджет есебінен ғана емес, сонымен қатар инвестициялық қаражатқа да салынуда. Соның бір мысалы – «Қазмырыш» ЖШС инвестициясы есебінен Риддер қаласында салынып жатқан 600 орындық мектеп. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы – 20%, аяқталу мерзімі – 2026 жылдың қыркүйек айы.
Жаңа мектептердің ашылуы - өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Бұл бастама жас ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашып, олардың жан-жақты дамуына зор мүмкіндік береді.
Бекарыс Секен