Жаңа Бұқтырма кенті бірегей туристік орталыққа айналады. Мұнда өткен жылдан бері абаттандыру жұмыстары қарқынды. Кенттегі жолдар күрделі жөндеуден өтті. Ал қалған жоспар биыл іске асырылады. Бекітілген жобаға қоғам белсенділері бақылау жүргізеді.
Табиғаты еш жерден кем түстпейтін Бұқтырманы елеулі өзгерістер күтіп тұр. Мұнда саябақ пен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынады. Бұдан бөлек, көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі. Жаңа Бұқтырма кентінің орталық бөлігінде өткенжылдың жазында алғашқы жұмыстар басталып та кеткен. Соның бірі – соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш пен мәдениет үйін абаттандыру жұмыстары.
Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық мектептің құрылысы басталды. Нысанды биыл тамыз айында пайдалануға беру көзделген. Тұрғындар бастамаға дән риза. Дегенмен, мұндағы емхананың жағдайы көңіл көншітпей тұр.
Жаңа Бұқтырма кентінде осыған дейін болмаған су бұрқақтары салынып, концерттік аумақ та бой көтереді. Онда ойын алаңдары, вело-серуендеу аймағы, қоғамдық тамақтану орындары және сәулеттік нысандар болады. Бұл әсіресе тұрғындар үшін жағымды жаңалық.
Облыстық «Әділдік жолы» қоғамдық ұйымының басшысы Әділ Пішенов әлеуметтік желісіндегі парақшасында мұндағы абаттандыруға кеткен қаражат 11 миллиард теңге құрағанын жазған еді. Қоғам белсендісі осы мәселе бойынша облыстық әкімдікке жүгініп, өзінің пікірін білдірді. Аталған жайтты жергілікті билік өкілдері бақылауға алған. Қолға алынған бастама Жаңа Бұқтырма кентіндегі туризмнің дамуына өз септігін тигізбек.