Қазақстан үш жылдың ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Президент өткен парламенттік сессияны нәтижелі деп бағалап, осы кезеңде қоғам үшін аса маңызды заңдар қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ депутаттардың жазғы демалыс кезінде өңірлерге шығып, халықпен кездесулер өткізгенін жеткізді.
Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды. Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру керектігін айтты. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы қажет. Сондай – ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнайы құқықтық мәртебе беруді жүктеді. Президенттің айтуынша, Алатау қаласына берілетін арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет деді - Президент. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстан жұртшылығы да Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдап, осы тұста өз ойларын жеткізді. Мамандар жасанды интеллект білім беру саласында маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті.
Дидар Мұратұлы, Oskemen Hub директоры:
Республика бойынша былтыр біз I-Sana жобаны Астана халықаралық жобаларымен бірге министрлікпен бірге жоғары деңгейдегі іс шараны өткіздік. Сол іс шараның негізінде 5000 –нан астам жоғары оқу орнының студенттері жи бойынша бойынша курсты өтті. Бұл дегеніміз біздің ЖОО емес бүкіл республика бойынша 70 мыңнан астам студенттер өздерінің білімдерін жи бойынша жақсарта білді деген сөз.
Бұдан бөлек, жолдауда Мемлекет басшысы өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Әсіресе, аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізу қажеттігін айтты. Бұл көрсеткіш әр өңірдің даму қарқынын бағалап қана қоймай, әкімдердің тікелей жауапкершілігін айқындауға мүмкіндік береді. Президент арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын сынға алып, олардың тиімділігін арттыру үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың да аймақ экономикасын дамытудағы үлесі төмен екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл құрылымдарды толыққанды даму институтына айналдыруды тапсырды.
Сәуле Рахметуллина, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры:
Біздің өңіріміз инвестиция тартуға потенциалы өте зор. Туризм, инновация саласы бойынша да, тау – кен өндірісі бойынша да қай саланы алсақта ШҚ-ның потенциалы өте зор. Сондықтан мен ойлаймын бұл жағынан бәріміз қоян –қолтық бірге жұмыс істейміз. Ол тек қана тұрақты әкімішіліктің жұмысы емес, ол университетті айтсақта біздің де міндетіміз. Қазіргі таңда осы инновациялық секторды дамытудамыз.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологияға 1 млрд. доллар инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты.
Гүлдана Айдарқызы