Өскемен әкімі Алмат Ақышов «Арматурный» шағын ауданы тұрғындарымен кездесті. Жиында азаматтар облыс орталығының басшысына аудандағы өзекті мәселелерді жіпке тізіп берді. Айтуларынша мұнда білім ошағын салу қажет. Себебі, оқушылар қаладағы мектептерге баруға мәжбүр. Жиында көтерілген өзге де өзекті мәселелер жөнінде әріптесім Нұртас Қайролдаев тарқатсын.
Жиын барысында шағын аудан тұрғындары жаңа мектеп салу, жол жөндеу, абаттандыру, көше жарығын қалыпқа келтіру мәселелерін көтерді. Қоғамдық көлік тасымалына қатысты шағымдарын да жеткізді.
Бұдан бөлек, тұрғындар қала әкімінен иесіз жүрген қаңғыбас иттерге қатысты нақты шара қолдануын сұрады.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Шет жақта болғансоң мәселелер өте көп. Барлық жерде қойылатын ит мәселесі, транспорт, жол мәселесі. Балаларға арналған инфраструктура. Ең басты мәселе бұндағы мектеп мәселесі. Себебі мұндағы 264 баланың Өскеменнің 20 мектебіне бөлініп оқиды екен. Яғни қаланың әр-бір шетіне барады. Сондықтан бұл ең өзекті мәселе. Оны шешуге тырысамыз. Осы мәселені талқыладық. Жауап бере алатын мәселеге жауап бердік. Қалғанын жазып алдық. Келесі келгенде басқа мәселелер жөнінде де жауап беретін боламыз.
Жиында Өскемен әкімі Алмат Ақышов кезекті жол жөндеу жұмыстары қолға алынғанын жеткізді. Оған қаражат қарастырылған. Бастама аясында «Арматурный» шағын ауданының да жолдарын ретке келтіру жоспарланған.
Нұртас Қайролдаев