«JASYL EL» жасағының мүшелері жиырма бірінші еңбек маусымын аяқтады. Салтанатты шараға аудандар мен қалалардағы штаб жетекшілері, белсенді жастар қатысты. Табиғат жанашырлары биыл атқарған жұмыстарын қортындылады. Бұдан бөлек, бірнеше аталым бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды.

Қасым Қайсенов кентінде өткен салтанатты шараға «JASYL EL» жасақтарының сарбаздары, еңбек жетекшілері, аудан басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Биылғы еңбек маусымы – Мемлекет басшысы жариялаған жаппай сұранысқа ие «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында және республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен үндесіп отыр. Осыған орай, жастар тек маусымдық табыс табумен шектелмей, табиғатты түлетуге, ағаш көшеттерін отырғызуға, саябақтар мен алаңдарды абаттандыруға, өзен-көлдердің жағалауын тазалауға белсене атсалысты.

Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Осы «Таза Қазақстанды» біз барлығымыз түсініп, мына жас ұрпақтың санасына сіңгізіп, мына жердегі үлкен экологиялық тәрбие беру қажет. Бұл тек қана, мен жаңа айтып отырмын, бір күндік науқан, акция емес.

Айдос Әділбеков, Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:

Облысымызда «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының 21 еңбек маусымының жабылу салтанаты өтуде. Бұл жыл біз үшін өте ұтымды жылдардың бірі болды. Мемлекет басшысы атап өткен жұмысшы мамандықтар жылыаясында, сонымен қатар жалпы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында «JASYL EL» еңбек жасақтары орасан зор қызмет атқарып, еңбегін сіңірген болатын.

«JASYL EL» қозғалысы бастау алғалы елдің әр өңіріндегі мыңдаған жас еңбекке тартылып, уақытша жұмысқа орналасты. Салтанатты шарада үздік деп танылған 6 ауданға марапат табысталып, номинациялар өз иелерін тапты.

Қуаныш Молдақашев, «JASYL EL» жастар еңбек жасағының жоба менеджері:

Қорытынды шарада біз осы үш ай көлемінде жұмыс көрсеткен үздік аудандарды, үздік сарбаздарды марапаттайтын боламыз. Жалпы «JASYL EL» жобасы алдағы уақытта да жалғасын таба береді деген сенімдеміз.

Малика Заманбек, «JASYL EL» жастар еңбек жасағының сарбазы

Жоба өте жақсы өтті. JASYL EL – ауқымды қозғалыс қой. Сол себепті осы командаға қосылғанда, көп қызықты дүниелерге жолықтым, жаңа достар таптым. Тіпті, жақсы орта, жақсы «отбасы» тапқандай болдым.

«JASYL EL» – қоршаған ортаны қорғауды парыз санайтын, болашаққа жауапкершілікпен қадам басқан жастардың басын біріктіретін орта.

Талант Тұрсынов