Өскемендік «Торпедо» хоккей клубы Қазақстан кубогының иегері атанды. Финалда жергілікті команда қарағандылық «Сарыарқаны» тізе бүктірді. Бұл жеңіс ұжымның биылғы маусымдағы ең үлкен табысы. Команда алдағы жарыстарда да биік мақсаттарды көздеп отыр.

Финалда жанкүйерлер нағыз тартысты ойынды тамашалады. Өскемендік «Торпедо» мен қарағандылық «Сарыарқа» - ойын барысында бар күшін салып, мұз үстінде шынайы бәсекелестік танытты. Нәтижесінде жергілікті команда Қазақстан кубогының иегері атанды.

Андрей Корабейников, «Торпедо» ХК бас бапкері:

Жолдастық кездесу болсын, чемпионат ойыны болсын, финал болсын – біз әрдайым команданы жеңіске баулимыз. Әр ойынға осы мақсатпен шығамыз. Үйдегі үш кездесуіміз бен жартылай финалдық ойында жеңіске жеттік, ал финалда Қазақстан кубогының иегері атандық. Бұл - барлығымыздың ортақ жеңісіміз.

Финалдық кездесудегі жарқын эмоциялар - хоккейдің елдегі танымалдығының артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Қазақстан кубогы - үлкен мәртебе. Финалға келген қауымның қарасы қалың, қолдау өте жоғары. Бұл - мұз сарайында еңбек ететін ұжымның, барлық спортшылардың, бапкерлердің, мемлекет пен демеушілердің бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Финалдағы жеңіс «Торпедоның» күшін, жанкүйерлердің қолдауын және елдегі хоккейдің дамуын көрсетті.

Бекарыс Секен