Өңірде тазы баптап, аңға шығатындар аз емес. «Қазақы ит тұқымдары» күніне орай облыс орталығында алғаш рет «Itbegifest» ұйымдастырылды. Шара облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында өтті.
Шараға ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген саятшылар арнайы келді. Тәжірибелі итбегілер мектеп оқушыларына асыл тұқымды иттердің күтімі, тәрбиесі, мінез құлықтарындағы ерекшеліктері және қазақ халқының дәстүрлі аңшылық мәдениетіндегі рөлі туралы әңгімеледі. Архат Хамитжанов бала күнінен тазы ұстап, қыран ұшырған кәнігі аңшы. Оның айтуынша, тазы қолға тез үйренеді, иесінің қас-қабағынан бәрін ұғатын қасиетке ие. Алдындағы алған аңын да жәукемдемей, иесіне барынша таза күйінде сақтайды.
Архат Хамитжанов, саятшы:
Саятшылықпен айналысқаныма бала күнімнен ғой, кәсіби есептегенде 15 жылдан асып кетті. Тазы күніне орай жас буындарға тазы ит пен қыран құсымызды, салт дәстүрімізді таныстырайық деп. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп, балаларға таныстыруға арнайы келген жайымыз бар.
Ұлан ауданынан келген Мамырхан Манайдың отбасы 4 атадан бері саятшылықты жанына серік еткен. Бүгінде өзінің ұлы Абулрашидті аңшылыққа баулып жүр.
Мамырхан Манай, саятшы:
Аңшылық деген атам қазақ тегінде жан бағып, тіршілік ету үшін тазысын, бүркітін аңға салған. Бүркітші деген атақ содан қалған. Қазіргі жастарға үлгі боп, ұрпағымыз білсін деп ары қарай жалғастырсын, дәріптесін деп, білсін деп дәріптеп жүрген жайымыз бар.
Бұдан бөлек, көрмеге жеті қазынаға жататын қыран бүркіт пен құмай тазы, жүйрік ат туралы кітаптар, саятшылық құрғанда алып шығатын құралдар қойылды. Фестивальдің мерекелік көркін халық әндері мен күйлері қыздыра түсті.
Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, мұндай шара жастардың ата-баба мұрасын тереңірек тануына, ұлттық аңшылық пен мал шаруашылығы дәстүрлеріне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Кездесу соңында асырап-баптауға ниет білдіргендерге тазы күшіктері сыйға тартылды.
Қымбат Иманғали