Мемлекет басшысының Жолдауы Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-де де тыңдалды. Оған қоғам қайраткерлері, студенттер, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылар құрамы қатысып, ой бөлісті. Жолдауда табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері, жаңа Салық кодексін әзірлеу және бір палаталы Парламент құруға басымдық берілді.
«Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс». Президент Халыққа Жолдауында азаматтарға сапалы қызмет көрсету, инфрақұрылым салу және мемлекеттік қолдау шараларына баса назар аударды. «Ең алдымен, салықтық әкімшілендіруге назар аудару қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісі бойынша мемлекеттік органдар арасында көш бастауға тиіс. Бұл мекеме жасанды интеллектінің және басқа да озық технологияның әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек. Жаңа Салық кодексі қазіргі нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек. Бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруы тиіс. Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды», - деді Президент өз сөзінде.
Елена Березинская-Абилова, облыстық кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы:
Биылғы Жолдауда Президенттің кәсіпкерлік ортаға назар аударғаны ұнады. Шағын, орта және ірі бизнес өкілдері салық реформасын көптен күтіп отыр. Бұл реформа әрбір кәсіпкер үшін бизнестің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Мұндай бастама әркімнің жүрегіне жетеді деп ойлаймын.
Президент бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді. Соған орай 2027 жылы Жалпыұлттық референдум өткізуді ұсынды. Осылайша жаңа Парламенттік реформа жүзеге асатынын айтты. Депутаттар партиялық тізім бойынша сайлануға тиіс. Бірақ бұл ортақ шешім болуы керек, - деді Мемлекет басшысы.
Гүлмира Байркенова, С.Аманжолов атындағы ШҚУ құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
Мемлекет басшысы Парламент сенатын қысқартып, яғни Парламентті бір палаталы ету жөнінде ұсыныс айтты. Айта кету керек, халықаралық тәжірибеде бір палаталы парламенттері бар елдер өз қызметін тиімді жүзеге асырып отыр. Мысалы, халық саны көп Қытай Халық Республикасы – бір палаталы парламенті бар мемлекет. Сондай-ақ Ватикан сияқты шағын мемлекет бар. Бұл олардың жұмысының нәтижелілігіне еш кедергі емес. Президент мұндай маңызды реформаларды бүкіл халықтың талқысына шығарып отыр.
Жолдауда айтылған бастамалар – елдің экономикалық, саяси өзгерістерге жүйелі ұмтылысын көрсетеді. Салық кодексі рәсімдерді жеңілдетіп, бюрократияны жойып, мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді арттыруы тиіс. Ал бір палаталы Парламент – заң шығару тиімділігін арттыруға бағытталған қадам, бірақ ол тек халықтың келісімімен шешілмек.
Қымбат Иманғали