Президент Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Мемлекет басшысы білім мен туризм саласының дамуына ерекше назар аударды. Негізгі басымдықтар қатарында – мектептерді цифрландыру, ІТ мамандарын даярлау және өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту бар.

Туризмді дамыту Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі. Президент бұл салада бәсекеге қабілеттіліктің төмендігін және кәсіби кадрлардың тапшылығын атап өтті. Жауапты мамандарға барлық туристік нысандарды ретке келтіру тапсырылды. Бұл жұмыс Президенттің тікелей бақылауында болмақ.

Мұхтар Төлеген, С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:

Жолдауда Президентіміз туризм кластерін дамытуға назар аударды. Біздің өңірде — Зайсан мен Катонқарағай бағыттары бар. Қазіргі таңда мұнда әуежай салынып жатыр. Туристер легі былтырғы жылмен салыстырғанда бірнеше есе артты. Сондықтан біз ішкі ғана емес, шетелдік туристердің де ағымын күтіп отырмыз. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, шетелдік инвестициялар тартылатын болады.

Мемлекет басшысы сонымен қатар білім беру жүйесін трансформациялау мәселесіне тоқталды. «Келешек мектептері» жобасы аясында 150 жаңа мектеп ашылды. Ал қалғаны жыл соңына дейін іске қосылады. Білім ұйымдарына жасанды интеллектіні ерте кезеңнен оқыту міндеттелді. Оқушыларға жаңа бағдарламалар әзірленіп, мұғалімдер қайта даярланады. Ауылдық жерлерде шағын жинақты мектептердің цифрлық үлгісі енгізілмек. Сондай-ақ ғылым, білім мен инновацияны біріктіру және жасанды интеллектімен айналысатын университеттер мен зерттеушілерді қолдау маңызды екені атап өтілді.

Аксана Каленова, ШҚО бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

«Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде мен Президенттің жасанды интеллектіні білім беру мекемелерінде дамыту туралы тапсырмасына ерекше қолдағым келеді. Балалар жастайынан жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана білуге дағдылануы тиіс. Сонымен қатар Президент балаларды дамыту орталықтарын ашу жөнінде тапсырма берді. Бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өте орынды. Мәселен, Президент Жолдауына дейін өңірімізде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Бастау» мектебі дәл осы серіктестік негізінде ашылды».

Президент Жолдауы негізгі салаларды жаңғыртуға бағытталған айқын бағдарды көрсетеді. Бастысы, мәселелерді шешумен ғана шектелмей, бәсекеге қабілетті, тұрақты әрі технологиялық мемлекет құру.

Қымбат Иманғали