Ел шығысындағы Күршім ауданында, Қалжыр өзені арнасынан асты. Бойындағы ауылдарды топан су басып кетпеу үшін, жергілікті мамандар жұмыла жұмысқа кірісті. Олар инертті материалдан қосымша бөгет жасап жатыр.Айтуларынша, жақын елді мекендерге қауіп сейілген. Алайда өзен жиегіндегі дамбаның шеті сөгіліп,тұр ендеше жағдай аяқ асты өзгеруі де мүмкін.

Қалжыр 130 шақырымға созылып жатыр.Көп бөлігі шатқалмен, біразы жазық даланы басып өтеді.

Өзен арнасынан аса сала қажетті техника жеткенше амалдауға тура келген. Атқарушы орган өкілдері, ауыл азаматтарымен құтқарушылар бірлесіп, қолдарына күрек алып, қолдан бөгет жасады.

Қалжырдың тура жағасына жету де қиын. Сондықтан мамандар ол жаққа атпен баруға мәжбүр. Өзен алты метрлік дамбадан асып кеткен. Ендеше қазір қатер сейілгенімен жағдай аяқ асты өзгеруі мүмкін дейді олар.

Сондықтан әзірге мұндағы мамандар Марқакөл орман шаруашылығынан көмек сұрап отыр. Орманшылар да қысылтаяң кезде қол ұшын созуға дайын екен.

Қалжырдың тасуы 50 шақты түтіні бар Жаңауыл елді мекеніндегі тұрғындарды алаңдатқаны рас. Өйткені 12 жыл бұрын да бұл өзен осындағы жұртты әбігерге түсірген еді.

Арнасынан асқан асау Қалжырдан ауылға төнген қауіп сейілді. Дегенмен күн райы құбылып тұр. Сондықтан мамандар сақтықты күшейте түспек.Қазір бұл жерге күн-түні кезекшілік қойылды.