Шығыс Қазақстан су қоймалары көп шоғырланған аймақ. Сондықтан көктем мезгілінде жергілікті билік өкілдері мен ТЖД қызметкерлерінің жұмысы тәулік бойы жүргізіледі. Қазіргі уақытта тұрғындарды ақпараттандыру, алдын алу шараларын іске асыру жіті назарда. Өңір су тасқыны кезеңіне әзір ме?
Биыл көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары ерте басталды. Жауапты мекеме өкілдері шаһардағы су жолдарын тазартып, оның алдын алуды пысықтады. Облыстық маңызы бар автожолдарда 1634 су өткізу құбыры мен 90 көпір бар. Соның ішінде 38 шақырымнан астам 39 арық тазартылды. Бұдан бөлек, жолдардағы 146, темір жолдағы 3 су өткізгіш құбыр тазартылды.
"Қазгидромет" ақпаратына сүйенсек, биыл Риддер қаласында, Марқакөл, Алтай, Самар, Шемонаиха және Катонқарағай аудандарында қар қалың түскен. Сондықтан өңірдегі ауа-райы тұрақты бақылауда.
Су айдындарына мониторинг үздіксіз жүргізіліп жатыр. Тасқынға қарсы шараларды ТЖД бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар бірлесіп атқарады.
1 ақпаннан бастап облыс әкімінің өкімімен өңірде жоғары дайындық режимі жарияланды.
Жағдай қиындаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Өңірде барлығы 2334 бірлік күш, 735 техника, 50 бірлік жүзу құралдары мен 223 мотопомпа бар.
8-9 ақпанда өңірде «Көктем – 2024»Республикалық командалық – штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Құтқарушылар үйлерді аралап, су басу қаупі бар аумақ тұрғындарына нұсқама береді.