Ұлттық мереке күні Глубокое ауданының тұрғындары да қоныс тойын тойлады. Пәтер кезегінде тұрғандардың қатарын азайтуға әрі аудандағы елді мекендердің ажарын аша түсуде «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы мол сеп болғанын айта кеткен жөн. Себебі, бастама аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандардың бірсыпырасы үйлі болып, қуанып қалғаны рас. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тапты.

 Уварово аулының тұрғындары үшін бұл қуанышты күн. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасылар талай жылдан бері тағатсыздана күткен баспананың кілтін алды. Көңілдерінде толқу да бар. Ауылдық жерде қолға алынған бастама талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселеге нүкте қойды дейді тұрғындар жағы.

Жергілікті әкімдік өкілдері көпбалалы аналарды қолдау бағытында кешенді жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

Мердігердің айтуынша, тұрғын үй құрылысы бекітілген талапқа сай салынған. Әсіресе баспананың сапасы қатаң бақылауда болған көрінеді.

Глубокое ауданындағы аналарды баспанамен қамту мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдыға қойған жоспар айқын, атқарылар шаралар легі де ауқымды. Қуанышқа кенелген азаматтар Республика күнін атап өтуді қоныс тойымен бастады.