Күніне қаншама адамды діттеген жеріне жеткізетін әуе кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай жұмыс емес. Бұған жауапты елдегі бірден-бір кәсіпорын «Қазаэронавигация» РМК. Ол 4 өңірлік орталықты, 11 филиалды, 16 алыс жердегі позицияны, медициналық орталық пен кәсіби дайындау орталығын қамтитын ірі кәсіпорын. Ал, әуежайдағы аса маңызды қызметтің бірі әуе диспетчері. Жерде отырып, әуе кеңістігіндегі ұшақтың өз бағытынан адаспай жол тауып, қонуына әуе диспетчерлері жауап береді. Көзге көрінбейтін жұмыс. Оларға қойылатын талап та қатаң. Кез келген сәтте батылдық танытып, жылдам шешім шығару маңызды.
Сергей Калашников әуе диспетчері. Осы салада еңбек еткеніне 12 жыл болды. Әр ұшақтың өз жолымен жүріп, бағытын жоғалтпауы да оның жұмысына байланысты. Бір сөзбен айтқанда Сергей ұшақ басқарып отырған пилотпен үнемі тікелей байланыста болады.
Ниджат Заутдинов инженер. Қазаэронавигация компаниясында жұмыс істегеніне 8 жыл болды. Ол әуе кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін диспетчердің борттағы пилотпен байланысын қадағалап, техниканың дұрыс жұмыс істеуіне жауап береді.
Әуе кемесі сапарының сәтті болуы күн райына да байланысты. Мұндағы арнайы мамандар әр мезгілдің өз қиындығы бар дейді. Сондықтан ауа-райының құбылмалылығы да үнемі бақылауда.
Әуежайдағы мамандар жұмысы бір-бірімен тығыз байланысты. Әсіресе, әуе диспетчері үшін әр ақпарат маңызды. Өйткені, ол алған әр мәлімет әуе кеңістігіндегі кеменің бір қаладан екінші қалаға жетуіне жауапты.
Жылдың қай мезгіленде болмасын жауынды, боранды күндері ұшақты жолынан қалдырмай, барар жеріне жөнелтіп жүрген әуе диспечерлерінің еңбегі ерен. Жалпы, «Қазаэронавигация» РМК жылына 400 мыңнан астам әуе кемесіне қызмет көрсететінін айта кетейік.