Өңір тұрғындары қуанышқа кенелді. Ұлттық мереке - Республика күнінде Өскеменде көпбалалы және әлеуметтік осал топ санатындағы 174 отбасыға баспана кілті табысталды. Үйлі болған жандардың көпшілігі пәтер кезегін 17-25 жыл күткен.
Салтанатты шара барысында қаланың құрметті азаматтары баспана кілттерін қуаныш иелеріне табыстады. Ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған көпбалалы аналар көптен күткен үйлеріне қол жеткізіп, ақжарма тілектерін жеткізді.
«Ұлан Тау», «Көктем» тұрғын үй кешені мен Жібек жолы көшесіндегі баспаналар көпбалалы отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға, әлеуметтік осал топ санатындағыларға берілді.
Бұдан бөлек, «Нұрлы жол» шағын ауданында көп жылдар бойы кезекте тұрған азаматтарға жаңа пәтердің кілттері табысталды. Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан жаңа үйлер «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында салынған.
Пәтер алғандардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар да бар.
Пәтер иелері баспаналарының сапасына, ішіне жасалған жөндеу жұмыстарына дән риза. Бөлмелері кең әрі жарық, су жүйесі тартылған. Ауласы да абаттандырылып, көлік тұрақтары да бар.