Бұқаралық спорт түрлерін дамыту ісі аудандарда мықтап қолға алынып келеді. Соның қатарында Глубокое ауданы бар. Аудан ауылдары жаңа спорт алаңдарымен, спортқа керекті құрал-жабдықтармен қамтылып жатыр. Республика күні қарсаңында Верхнеберезов ауылы тағы бір игі шараны өткізді. Ауыл жастарына арналған жаңа футбол алаңы ашылды.
Елді мекеннің жастары спортқа бейім. Ауыл тұрғындары үшін бұл ерекше оқиға. Спортқа құмар ауыл балалары үнемі команда құрып, аудандық жарыстарда бақ сынап жүреді. Іргелі жұмыс жергілікті әкімдік өкілдерінің ел президентінің ауыл спортын дамыту пәрменіне байланысты қолдау тапқан жұмыс аясында сәтті аяқталды. Жобаның жалпы құны 7 млн 680 мың теңгені құрайды. Бастысы, шаруа уақтылы аяқталып, қолданысқа берілді.
Алаңның ашылуына орай футболдан турнир ұйымдастырылды. Оған «Предгорное», «Верхнеберезов орта мектебі», Өскемен қаласынан келген «Форсаж», «Верхнеберезов кенті», «Глубокое техникалық колледжі» және «№1 Предгорное мектебі» командалары қатысты. Жарысқа жиналған жастар дән риза.
Елді мекендегі игі істің қайсы болмасын белсенді тұрғындардың бастамасынсыз іске аспайды. Ауыл жағдайына бейжай қарамайтын азаматтар өздерінше үлес қосады. «Ауыл – алтын бесігіміз» дейді тұрғындар.
Бұған дейін белсенді жастар бұқаралық спорт түрлерінен жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүретін. Енді жаңа жеңістердің саны арта түспек. Себебі, биік белестерді бағындыру осындай алғашқы қадамдардан басталады.