Тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев Ақбауырдан табылған құнды жәдігерлерді Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне табыстады. Биыл жазда жүргізілген экспедиция кезінде табылған тас балғалар, керамикалық дискілер, кетпендер сондай-ақ, тұрмыстық құралдар енді университет мұражайында сақталады.
Өмірін ғылымға арнаған ғалым Зейнолла Самашев С.Аманжолов университетінің түлегі. Түрлі зерттеулердің, ғылыми жобалар мен мақалалардың авторы бүгінде студенттермен бірге облыс бойынша ұйымдастырылған эспедицияларға қатысып, археологиялық қазба-жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысуда.
Ерекше қызығушылық танытқан объектілердің бірі- Қызылтастан табылған мұртты қорғандар және жерлеу ескерткіштері. Ғалымның айтуынша жерлеу ескерткіштерінің қабырғаларында зигзаг тәріздес суреттер кездеседі. Олар Ақбауырдың тастарында салынған бейнелерге ұқсас. Ғалымдар оларды неолит және ерте қола дәуіріне жатқызған.
Зейнолла Самашев тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісті. Ақбауырдағы қазба жұмыстары кезінде ежелгі адам сүйектері табылды. Қазір бұл материалдарға мамандар мен ғалымдар талдау жүргізуде.