Туған жерге туыңды тік. Өз еліне еңбегі өткен самарлық азаматтар Республика күніне орай өткен мерекелік шарада марапатталды. Ауылын түлетуді перзенттік парызы деп білетіндер қатары ауданда ортайған жоқ. Ұлттық мереке Мәдениет үйінде тойланды.
Елдіктің бастауы болған бұл күннің мәні тереңде. Қазанның 25-і азаттықтың алтын қазығы қағылған күн ретінде киелі. (Военные флаг) Мерекеге аудан орталығында көк байрақ ортаға алынып, салтанатты рәсім өтті. Әнұран айтылып, концерттік шараға ұласты. Жалпы, Егемендік туралы декларация – Қазақстанның тәуелсіздікке жолын ашқан маңызды құжат. Соның арқасында ұлтымыздың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырды. Ұлттық мерекені ұлықтау ел рухын асқақтатып, отансүйгіштікті дәріптейді.
Республика күні тек тәуелсіздік нышаны ғана емес, сонымен қатар еркіндік пен қоғам бірлігінің негізіне айналды. Бұл айтулы күн Қазақстан халқын біріктіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға түрткі. Ал, бұл сахна төріне шақыртылған азаматтар әр саланың мықтылары. Бірі кәсіпкер, бірі сақшы, бірі дәрігер. Барлығы бір ғана ортақ мүдде - қоғамға пайда тигізу үшін ағайынға көмек беру жолында тер төккендер. Аудан әкімінің орынбасары оларды қастерлі мерекемен құттықтап, “Тұғырлы Самар өлкесіне сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін кеуделеріне тағып, алғыс айтты.
Еркін Бөленбаев ауданға еңбегі сіңген азамат. Шаруа қожалықты басқарып, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр. Өлкедегі агросаланы дамытуға сүбелі үлес қосып отырған жан. Бұл кәсіпті қолға алғалы 30 жылдан асыпты.
Еңбегі ескеріліп, ел алдына шыққанның бірі Нұрғайша Күдербаева. Аудандық ауруханада тапжылмай қызмет еткеніне биыл 41 жыл болыпты. Жылы сөз жанды жадыратады, дейді. Ыстық ықылас пен көрсетілген құрметке дән риза.
Бұл мереке ұлтты ұйыстырып, халықты жігерлендіре түседі. Сол үшін де еңселі елдіктің бастауы болған бұл күннің мәні зор. Самарлықтар бұны терең түсінеді.