Биыл Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтың туғанына 100 жыл. Атаулы күнге орай өңірдегі білім беру ұйымдарында тақырыптық кездесулер, көрмелер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылуда. Сондай шаралардың бірі облыс орталығындағы Қ. Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінде өтті.

Салтанатты шара – «Нұрғалиевтің нұрлы ордасы» атты әдістемелік жинақ пен «Қ.Нұрғалиевтің педагогикалық мұрасының кәсіби шеберлікті дамытудағы рөлі» атты ғылыми кітаптың тұсаукесерімен басталды.

Роза Шекетаева, тарих ғылымдарының кандидаты:

Бүгін Құмаш Нұрғалиев атындағы 43 мектеп-лицейінде «Тағылымға толы тағдыр» атты ашық салтанатты іс-шара өтіп жатыр. Бұл іс-шара КСРО Халық мұғалімі, білім беру үздігі, Республикамызға танымал, КСРО Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиұлының 100 жылдық мерейтойына арналған. ІС-шараның басты мақсаты халық ұстазының еңбегін, педогогикалық мұрасын насихаттау, бүгінгі жастарға жеткізу.

Құмаш Нұрғалиев 30 жылдан астам уақыт бойы Боран ауылындағы мектепті басқарған. Ол шексіз энергиясы, шабыт пен кәсібіне деген сүйіспеншілігінің арқасында республикадағы тұңғыш инновациялық мектептің негізін қалаған. Бұл оқу орны кейін нағыз ғылыми орталыққа айналды. Халық мұғалімі тек жаңашыл идеяларды енгізіп қана қоймай, оқу үрдісін ерекше форматта ұйымдастырды. Мектепте пәндік кабинеттер жүйесі, жеке тұрған оқу корпустары, еңбек, спорт және музыка сабақтарына арналған арнайы бөлмелер болды. Мұнда оқушылар тек білім алып қана қоймай, болашақ мамандықтарына бағытталған тәжірибелік дағдыларды меңгерді. Ұлағатты ұстаздың жолын бүгінде оның ұрпақтары жалғастыруда. Ұлы Талант Нұрғалиев туған ауылындағы мектепті ұзақ жылдар басқарып келсе, келіні Майгүл Нұрғалиева – Халық мұғалімінің музейіне жетекшілік етеді.

Майгүл Нұрғалиева, Қ. Нұрғалиев атындағы музейдің меңгерушісі:

Ұлы ұстаз, КСРО Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиұлының 100 жылдық мерейтойын Республикамыз, Шығыс Қазақстан облысы, соның ішінде ерекше Марқакөл ауданының атап өтіп жатқаны бізді өте қуантады. Үйткені бұл адамның бүкіл өмірі, өскелең ұрпаққа өнеге, тәрбие беретін ерекше, маңызы зор шаралардың бірі деп білеміз. Бүгінгі күні 43-ші Құмаш Нұрғалиев атындағы мектеп-лицейде басталғалы тұрған шараға үлкен қуанышпен, үлкен үмітпен келіп тұрмыз.

Кездесуде қала мектептерінің ұстаздары білім ордасының жетістіктерімен танысып, Құмаш Нұрғалиев атындағы пән кабинетін аралады. Педагогтер ұлы ұстаздың өмірі мен педагогикалық мұрасын қамтитын материалдарды таныстырды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Талант Тұрсынов