Өскеменде «Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалы және құрылыс компаниясының бастамасымен «Жасыл аула» атты экологиялық акция өтті. Шараның мақсаты – көпқабатты тұрғын үй аулаларын көгалдандыру, тұрғындар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру.
Акцияға жиналғандар жаңа тұрғын үй кешенінің ауласына 25 шырша көшетін отырғызды. Бастама аясында облыс орталығындағы азаматтар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру көзделген.
Алмас Жәкішев, «Байтақ» партиясының ШҚОФ атқарушы хатшысы:
«Байтақ» партиясы өзі экологиялық партия болғандықтан, біздің Президентіміздің бастамасы бар негізі «Таза Қазақстан» деген. Сол бастамаларын қолдай отырып осы тұрғын үй кешенінде аллея болады екен. Бұл Өскемен үшін былай айтқан кезде жаңашылдық, жаңалық болып саналады. Осындай тұрғын үй кешендерін қолдау керек деп есептеймін. Сол себепті осы жерде Республика күніне орай осындай керемет, әдемі акция өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акция дәстүрге айналып, қаланың өзге де аудандарында жалғасын таппақ.
Нұрғали Құрманғалиев, құрылыс компаниясының ақпараттық бөлімінің жетекшісі:
Бұл ең алдымен тұрғындарымыздың жайлылығы мен экологиялық өмір салтына қосылған үлес деп білемін. Қазір біз өз қолымызбен шыршалар отырғыздық. Бұл – қаламыздың болашағына жасалған игі қадам.
Қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызып қана қоймай, аула аумағын абаттандырды. Ең бастысы – тұрғындардың өздері белсенділік танытып, ортақ іске атсалысты.
Серік Оразбайұлы, Өскемен қаласының Құрметті азаматы:
Республика күні қарсаңында өз аулаларымызда шырша отырғызайық деп шештік. Осы игі іске шақырған ұйымдастырушыларға үлкен рақмет айтамын.
Әуелде Президенттің тапсырмасымен жарияланған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қазіргі уақытта жалпыхалықтық сипат алды деп айтуға толық негіз бар. Межелі уақыт өткенмен, айналадағы тазалықтан бейжай қалмаймын деген ұжымдар мен еріктілердің қатары күн сайын артып келеді.
Қарақат Жақсылыққызы, Талант Тұрсынов, Руслан Абугалиев