XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары 15–26 қараша аралығында Жапония астанасы Токиода өтеді. Әлемнің 80 елінен үш мыңға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Қазақстан намысын 79 спортшы қорғайды. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облысынан Антон Шадрин мен Фаина Мейрманова бар. Спортшылардың дайындық барысы жайлы келесі сюжетте.

Қазақстандық спортшылар сегіз спорт түрі бойынша сынға түседі. Олар — жеңіл атлетика, еркін және грек-рим күресі, бадминтон, үстел теннисі, жүзу, дзюдо және тхэквондо. Қазір ұлттық құраманың дайындығы шешуші кезеңге шықты. Өскеменде жаттығулар Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өтуде. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановтың айтуынша, спортшыларға барлық жағдай жасалған.

Асқар Можанов, ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Біздің құрамадағы үкілеп үміт артып отырған спортшымыз — Фаина Мейрманова. Ол үш бағдарламада өнер көрсетеді: биіктікке секіру, ұзындыққа секіру және 4 те100 метрлік эстафета. Ал Антон Шадрин бір сайысқа — сырықпен секіруге қатысады. Ол — Қазақстан рекордшысы. Бүгінде дайындық өте жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Атлеттерімізге медициналық және материалдық қолдау толық көрсетіледі. Барлық шығын облыстық бюджет пен спорт клубы есебінен қаржыландырылып отыр. Ольга Рыпакова атындағы тамаша орталықта спортшыларымыз тыңғылықты дайындық үстінде.

Сурдлимпиада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ең ауқымды халықаралық спорттық шаралардың бірі. Шығысқазақстандықтар осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, ел мерейін үстем етуді мақсат еткен. Ұлттық құраманың бас бапкері дайындықтың соңғы кезеңі Алматыда өтетінін айтты.

Богдан Весельский, ҚР Ұлттық құрамасының сурдо жеңіл атлетикадан бас бапкері:

Біз Сурдлимпиада ойындарына ұзақ уақыттан бері дайындалып келеміз. Фаина жарысты бірінші күні биіктікке секіруден бастайды, ал Антон сырықпен секіруді жарыстың соңғы күндері орындайды. Қазір Өскеменде жаттығып жатырмыз, соңғы дайындық Алматыда өтеді. Сол жерде барлық спортшылар бас қосып, жаңа стадионда жаттығып, одан кейін Токиоға ұшамыз.

Антон Шадрин – сурдо жеңіл атлетикамен бала кезден айналысып келе жатқан спорт шебері. Ол бұл додаға дайындық қызу жүріп жатқанын айтады.

Антон Шадрин, Қазақстанның спорт шебері:

Мен сырықпен секірумен айналысамын. Спортты бала күнімнен жақсы көремін: он жасымнан футбол, жүгіру, хоккей ойнадым. Әрине, қиындықтарсыз болмайды, бірақ ешқашан мойымаймын. Бүгінде мен — Қазақстан чемпионы әрі ұлттық рекорд иесімін.

Сурдо жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Әлем чемпионы және рекорд иегері Фаина Мейрманова психологиялық дайындыққа ерекше көңіл бөліп жатқанын айтты. Сондай-ақ техникалық және тактикалық шеберлікті шыңдауға да баса назар аударылуда.

Фаина Мейрманова, сурдо жеңіл атлетикадан жастар арасында Әлем чемпионы:

Бұл спорт түрімен жеті жылдан бері айналысамын. Қазір бапкерім Богдан Весельскийдің жетекшілігімен Сурдолимпиадаға дайындық үстіндемін. Қазір негізінен техника мен өзімді жарысқа бейімдеуге назар аударып жатырмыз. Дені сау спортшылармен қатар сынға түсу қиын болғанымен, бүгінде өзімді кез келген ортада сенімді сезінемін.

Қазақстандық сурдоатлеттер әлемдік аренада үздіктер қатарында. Алдыңғы ойындарда ұлттық құрама бірнеше медаль жеңіп алған болатын. Токиода өтетін Сурдолимпиадада да қазақстандық спортшылар жоғарғы нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатуды мақсат етеді.

Қымбат Иманғали, Руслан Абугалиев