Аймақта 28 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің кезекті отырысында айтылды. Сондай-ақ жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен салалық бағдарламалардың орындалу барысы талқыланды. Күн тәртібінде балық шаруашылығын дамыту, бюджет қаражатының игерілуі және жұмыспен қамту картасының іске асырылуы сияқты маңызды мәселелер қаралды.
Әкімдік отырысында Шығыс Қазақстанда балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған бағдарламасы талқыланды. Негізгі мақсат – 2030 жылға дейін тауарлы балық өндірісін 9 мың тоннаға дейін жеткізу. Өңірде форель, тұқы және бекіре өсіретін шаруашылықтар саны артып келеді. Бұқтырма су қоймасында жаңа жобалар іске асырылып, соңғы төрт жылда 6 мың тоннаға жуық балық өсірілген. Биыл тоғыз айда 1,3 мың тонна өнім алынған. Саланы қолдауға 188 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, Қара Ертіс өзеніне балық шабақтары жіберілген. Бағдарлама жүзеге асырылуы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Арман Есентаев, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Ағымдағы жылдың тоғыз айында 1310 тонна балық өсірілді. Оның ішінде форель – 1015 тонна, бекіре тұқымдастар – 2 тонна, тұқы тұқымдастар – 243 тонна және шаян – 50 тонна. Тауарлы балық өсіру айтарлықтай тәуекелсіз жүргізілуде. Өсірілген өнімнің нақты көлемі жыл соңында есептелетін болады.
Бұдан бөлек, жиында облыстың биылғы тоғыз айында бюджет қаражатының игерілуі талқыланды. Қаржы басқармасының мәліметінше, жоспарланған қаражаттың басым бөлігі игерілген. Негізгі шығындар әлеуметтік нысандарды жөндеу, инфрақұрылым мен өңірлік жобаларды іске асыруға бағытталған. Жыл соңына дейін бюджеттік міндеттемелердің толық орындалуы көзделіп отыр.
Меруерт Ахметнабиева, Облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары:
Қаржы жылының аяқталуына байланысты қалалар мен аудандардың әкімдері, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік мониторинг жүргізіп, ағымдағы жылдың қортындысы бойынша қаражатты уақытылы және сапалы игеру жөнінде шаралар қабылдауын сұраймыз.
Жиында қордаланған мәселелер легі мұнымен шектелмеді. Келесі кезекте облыстың жұмыспен қамту картасының орындалу барысы талқыланды. Биыл өңірде 28 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінде оның 74 пайызы орындалған. Негізгі өсім тұрақты жұмыс орындары есебінен қамтамасыз етілуде. Әлеуметтік осал топтарға қолдау шаралары күшейтіліп, субсидияланатын жұмыс орындары мен қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары жүзеге асуда.
Альмира Мусинова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:
Біз Катонқарағай ауданы бойынша Үлкен Нарын және Зайсан аудандарында қысқа мерзімді кадрларды даярлау жәрмеңкесін өткіздік. Зайсан ауданы бойынша кадрлар толыққанды алынды. Олар қысқа мерзімді оқытуға дайын. Катонқарағай ауданы бойынша сұрақтар болды. Кеше Үлкен Нарын ауданында тағы бір жәрмеңке өткізіп, 27 адамды квал талаптарына сай келетін адамдарды іріктеп алдық. Енді осы қараша айының бірінші әуежайымен келісе отырып осы әуежай базасында біз жұмыссыз адамдарды үш айлық, алты айлық оқыту бойынша бастауға дайынбыз.
Жиын соңында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов талқыланған бағыттар бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Облыс әкімі салалық басқармаларға балық шаруашылығы мен жұмыспен қамту саласындағы жобаларды сапалы жүзеге асырып, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді міндеттеді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
2026 жылға арналған балықтарды өсіру нормаларына сәйкес акво мәдени субьектілеріне үкіметтен қолдау көрсету үшін қаржыландыруды лемит шеңберінде қаржы бөлу жұмыстарын бірлесе отырып жалғастырыңыздар. Зайсан-Ертіс облыс аралық балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесе отырып, балықты өсіру үшін Бұқтырма су қоймасының бос резервтегі учаскелерін жалға беру бойынша конкурстық рәсімдерді уақытында өткізіңіздер.
Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Өңірде өндіріс, ауыл шаруашылығы және жұмыспен қамту салаларындағы көрсеткіштер оң нәтиже көрсетіп отыр. Әкімдік отырысында белгіленген міндеттер алдағы уақытта осы қарқынды сақтап, өңірдің дамуына жаңа серпін бермек.
Нұртас Қайролдаев