Өңірде облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың нейрохирургтары ми ісіктерін эндоскопиялық трансназальды әдіспен алып тастау және бас сүйегі негізін герметизациялау бойынша жаңа технологияны енгізді. Бұл – жоғары дәлдікті талап ететін, әлемдік медицина кеңінен қолданып жүрген заманауи тәсіл. Рет – ретімен тілші сюжетінде.
Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта алғаш рет эндоскопиялық трансназальды әдіспен ми ісіктерін алып тастау бойынша ота сәтті өтті. Бұл – инвазивтілігі төмен, яғни үлкен тіліксіз жасалатын ота түрі. Хирургтар миға мұрын қуысы арқылы жетіп, зақымданған тіндерді алып тастайды. Мұндай әдіс науқастың тез қалпына келуіне және асқынулардың азаюына мүмкіндік береді. Жаңа технологияның арқасында ота кезінде қан кету азаяды, инфекция қауіпі төмендейді. Ал ең бастысы – пациенттер бұрынғыдай ұзақ оңалтуды қажет етпейді.
Жандос Уап, Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инновациялық медицина бөлімшесінің меңгерушісі:
Біздің бөлімшеде үш ота, үш операция жоспарлануда. Бірінші операция бітті. Өте сәтті өтті. Осы мастер-класс Тельтаев Данияр Керимкуловичтің арқасында жүргізіліп жатыр. Жаңа методиканы енгізіп жатырмыз. Соның бірі міне жаңағы науқас болды. Жас әйел адам. Көзінен соқыр болып қалған. Бірінші операциясы бір жыл бұрын болған.
Нейрохирургияда жиі кездесетін күрделі асқынулардың бірі – назальды ликворея. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі таңда мұндай асқынуларды емдеудің ең тиімді жолы – эндоскопиялық трансназальды ревизя жасау және сүйек ақауларын герметизациялау. Жаңа технологиялар трансфері аясында өткен шеберлік сабағын нейрохирург Данияр Телтаев пен білікті мамандар тобы жүргізді.
Данияр Телтаев, Ұлттық нейрохирургия орталығының өңірлермен ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс басқармасының басшысы (Астана қ):
Технология трансфері аясында біз эндоскопиялық трансназальды әдісті енгіздік. Бұл тәсіл арқылы ми ісіктерін алып тастап, бас сүйегі негізін герметизациялаймыз. Қазіргі таңда мұндай жағдайларды емдеудің ең тиімді жолы – эндоскопиялық трансназальды ревизия жасап, сүйек ақауларын науқастың өз тіндері мен биологиялық желім арқылы жабу.
Дәрігерлердің айтуынша бұл бағыт өңір медицинасының дамуына тың серпін бермек.
Талант Тұрсынов