Үлкен Нарын ауданында туризм, ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда елдімекендердің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар іске асырылуда. Бұл туралы Үлкен Нарын ауданының әкімі Елдос Байрахметов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.
Үлкен Нарын ауданының экономикасы тұрақты даму үстінде. 9 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 9,3 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылыс көлемі 379 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 14,6 млрд. теңгені құрады. Биыл 39 жаңа ауылшаруашылық техникасы сатып алынып, шаруаларға 223 млн. теңге субсидия бөлінді. Ал «Кең дала-2» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары арқылы 3 млрд. теңге бағытталды.
Елдос Байрахметов, Үлкен Нарын ауданының әкімі:
Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында туризм әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі екенін атап өтті. Біздің аудан да бұл бағытта жоғары әлеуетке ие.2025 жылы ауданға шамамен 15мың турист келді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 165% - ға көп. Бұл өсім ауданға деген қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді. Осы бағытта жол бойы сервисін дамыту шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, аудан әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» АҚ бірлескен жобасы аясында заманауи жол бойы сервис нысаны ашылды. Бұл аудан инфрақұрылымын жақсартуда маңызды қадам болып, туризм мен қызмет көрсету саласындағы шағын бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндік берді.
Туризм саласын дамыту мақсатында Свинчатка ауылында жаңа демалыс орны салынады. Жол мәселесі де күн тәртібінде. Мәселен, аудан орталығында және ауылдарда 70-тен астам көше ретке келтіріліп, жарық шамдары орнатылды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында су желісі де тартылды.
Елдос Байрахметов, Үлкен Нарын ауданының әкімі:
Өткен жылыту маусымында жүргізілген іс-шаралар арқасында соңғы алты жылда алғаш рет тұрғын үйлердегі температура тұрақты түрде 26 °С және одан жоғары деңгейде болды, ал бұған дейін 17 °С-тан аспайтын. Жылыту маусымына дайындық аясында кешенді жұмыстар атқарылды. Жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын жылу желілерін жөндеу және қалпына келтіру аяқталды, оның ішінде Огнёв көшесіндегі жылу желілері де бар. Бұл шаралар жылумен қамтамасыз ету нысандарының қысқа дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер көп. Үлкен Нарын ауданында 5 млрд. теңгеден астам қаржыға су жүйесі жаңартылып, Алтынбел, Үштөбе және Солдатово ауылдарында су құбыры жөнделді. Аудандық ауруханаға 450 млн. теңгеге компьютерлік томограф аппараты сатып алынып, алдағы уақытта мобильді маммографиялық кешен әкелу жоспарланған. Мұның барлығы аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Талант Тұрсынов, Нұртас Қайролдаев