Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңір мақтанышына айналған «Berel» волейбол клубының жаттығуын тамашалады. Ол спортшылардың дайындығымен танысып, волейболшыларға сәттілік тіледі.

«Berel» волейбол клубы елдегі үздік командалардың бірі. Бірнеше жыл қатарынан түрлі жарыстарға қатысып, табысты өнер көрсетуде. Аймақ басшысы команданың жаттығуын өз көзімен көріп, бұқаралық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Биылғы маусымда «Berel» волейболшылары Қазақстан чемпионатының турнир кестесінде үштікке кіріп, өз мықтылығын дәлелдеп келеді.

Бауыржан Қази, «Berel» волейбол клубының директоры:

Әзірге біздің бас бапкеріміз Сербиядан келген өте мықты бапкер. Осы бапкердің арқасында біз өзіміздің жас волейболшыларымызды одан әрі үлкен деңгейге жеткіземіз деп ойлаймыз.

Бір аптадан кейін шығысқазақстандық волейболшылар Талдықорған қаласына жарысқа аттанады. Онда ұлттық чемпионаттың кезекті сайысы. Кіл мықтылар жиналатын ойын алаңына спортшылар қызу дайындалуда.

Раяна Дюсенбаева, «Berel» волейбол клубының ойыншысы:

Жақында біз Талдықорған қаласына барамыз. Екінші турға. Біздің дайындығымыз өте қызу жүруде. Осы турда Алматы, Жетісу және сондай командалармен тағы ойнаймыз.

«Berel» волейбол клубы 2023-2024 және 2024-2025 жылдары Ұлттық лиганың вице-чемпионы, былтыр Қазақстан кубогының қола жүлдегері атанған. Команда құрамында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері өнер көрсетеді.

Гүлдана Айдарқызы, Ирина Санникова