Өскеменде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері еріктілермен бірлесіп жеке тұрғын үй секторында рейд жүргізді. Мақсат – бекітілген қауіпсіздік талаптарын сақтау, азаматтарға жылыту құрылғыларын пайдалану ережелерін түсіндіру.

Ведомство қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, иіс тиюдің алдын алатын құрылғыларды орнату тәжірибесін жалғастыруда. Бұл шара пеш арқылы жылыту кезінде өрт шығу және иіс тию жағдайларын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары 17 мыңнан астам осындай құрылғы орнатылып, 42 адамның өмірі құтқарылған.

Дина Бексұлтанова, ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бас маманы:

Бізде бүгін осы іс шара жүзінде халыққа көмек көрсету барысында осындай улы газ датчиктарын орнату іс шараларды жүргізілді. Басқарма тарапынан біз Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауыңызды сұраймыз.

Қазіргі таңда ТЖД әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтардың үйлерін аралап жүр. Бұл санаттағы жанұялардың екі мыңнан астамы жер үйде тұрады. Барлығы профилактикалық түсіндіру жұмыстарымен толық қамтылған. Мамандар биыл жылыту маусымы басталғаннан-ақ үй-жайларға 200-ден астам датчик орнатқан.

Индира Ахатова, «Үлбі» қалалық аумақтық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бөлімше меңгерушісі:

Өрт және әлеуметтік мәселелерді ерекше бақылауда ұстаймыз. Қызыл жалынның болмауын қадағалап, ескерту жұмыстарын жүргіземіз. Қандай да бір оқыс оқиғаға куә болсақ, пештің түтіндегенін байқасақ бірден ТЖБ ескертеміз. Мамандармен бірлесе шара жүргіземіз.

Жылыту маусымы басталғалы облыстық ТЖД қызметкерлері тұрғын үй секторындағы 18 мыңнан астам отбасыны аралап шықты. Өрттің алдын алу мақсатында жүргізілген рейдтер барысында шамамен 11 мыңға жуық бұзушылық анықталды. Құтқарушылардың ұсыныстарының арқасында олардың 1190-ы ретке келтірілді.

Гүлдана Айдарқызы, Ирина Санникова