Елде мектепке дейінгі білім беру жүйесінің сапасын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Балабақшаларда құзыреттілік орталықтары құрылды. Мәселен, өңірде 385 мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымы бар. Олардың 291-і мемлекеттік, 94-і жекеменшік. Осы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 10-да құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Алдағы жылы тағы да осындай 7 орталық ашу жоспарда бар. Осы орталықтардың жүйелі жұмысын жетілдіріп, педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында Өскеменде «Құзыреттілік орталықтары: тәжірибе, инновация, перспективалар» республикалық семинары өтті. Оған еліміздің-түкпір-түкпірінен 150 жуық педагог қатысты.
Республикалық семинардың педагогтерге берері мол. Әр өңірден келген мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері балабақшалардағы құзыреттілік орталықтарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты. Ал пленарлық мәжілісте баяндамашылар тың ақпаратпен бөлісті. Құзыреттілік орталықтарының мақсаты – педагогтердің кәсіби біліктілігің арттыру, баланың тұлғалық дамуына қолдау көрсету және білім беру жағдайларын жақсарту.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының кадрлық әлеуеті мен инновациялық мүмкіндіктерін арттыруда бұл бастамалардың маңызы зор.
Семинар аясында мектепке дейінгі тәрбие жұмысында пайдаланатын көрнекі құралдар көрмесі ұйымдастырылды.
Ұлттық тәрбие арқылы мектеп жасына дейінгі балаларды жан-жақты дамыту маңызды. Сондықтан осы сияқты семинарлар сала мамандарының біліктілігін арттыруға септігін тигізеді. Өзара пікір алмасуға мүмкіндік береді.