“Ақ түйенің қарыны жарылған күн”. Халқымыз үлкен қуаныш, дүбірлі тойдың ауқымын осылай деп сипаттайды. Көптің тілегі орындалып, ел игілігіне берілген Күршім көпірінің ашылуына орай тойланған тойды солай деуге лайық. Аспан астын думан қылған дүрмекте өңірдің әр түкпірінен жиналған ағайын бір-біріне “құтты болсын!” айтысты.

Халықтың көңілі көтеріңкі, жүзінде күлкі. Алты ауданды байланыстырған еліміздегі ең ұзын көпір бұқара үшін қызмет етіп тұр. Төрт жыл бұрын басталған құрылыс уақтылы бітіп, қолданысқа берілді. Күршім бастаған бірнеше аудан кигіз үй құрып, той жасады. Халықтық ойындар ойналды. Өнерпаздар әннен шашу шашып, би биледі. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы аса қажет болған нысан енді аймақтың экономикалық, туристік дамуында айрықша рөл атқарады.

Құрметті ақсақалдар бата беріп, ел тілегі бір болды. Республика күнімен тұспа-тұс келген тойда халық мемлекетіміздің болашағы жарқын, бірлігі баянды болсын деп тілек тіледі.

Бес жыл бұрын Президент бұйрық шығарып, іс басталған еді. Бастамаға мұрындық болған азаматтар да, құрылыспен айналысқан мердігер де, тіпті елу жыл ел үшін қызмет еткен паром қызметкерлеріне де құрмет көрсетілді. Көпірдің басталуынан соңына дейін қажырлы еңбек еткендерге алғыс жарияланды.

Көпірдің ұзындығы 1300 метр. Тереңдігі 25 метр су үстіне салынды. Нысанның маңыздылығын көрсетіп, мерекеге орай халық рухын асқақтату үшін автошеру де ұйымдастырылды.

Көпір Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстырады. Жоба озық инженерлік технологияларды қолдана отырып, барлық талапқа сәйкес жүзеге асырылды. Бастысы - халықтың көңілі шат.

Енді көліктер жылдың кез келген уақытында, тәулік бойы қауіпсіз жүре алады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері даусыз. Азаматтар осыны айтып қуанып отыр. Бір кездері жолдың қиындығынан, шалғайлығынан шаршаған жұрт шекаралық аудандардан үдере көшкен еді. Бұл шаруа да шешімін тауып, бірнеше аудан қайта құрылды. Халықтың қайта қоныстануында бұл көпір үлкен мәнге ие. Ақ түйені қарыны жарылған күн деп осындайда айтады.