Қаладағы барлық қызмет тұрғындар үшін қолайлы болуы шарт. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін. Олардың қала ішінде біреудің көмегінсіз жүріп-тұрулары өте маңызды. Десе де, Өскемендегі Тәуелсіздік пен Абай даңғылы қиылысындағы жол үсті өткелі арбаға танылған жандар мен қарттарға, бала ұстаған әйелдерге ыңғайсыздық тудырған еді. Осы сияқты басқа да орындардағы мәселе қалай шешілуде? 
Ирина Ляховская атап өткен мәселемен жақсы таныс. Оның ерекше баланы тәрбиелеп отырғанына жиырма жылдай болған. Архитектуралық білімі бар маман ғимараттардың дайындығын талдау және қолжетімді ортаны енгізу бойынша ұсыныс та бере алады. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау жөніндегі қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі. Оның айтуынша, өткелдегі лифт мәселесін шешу үшін көп уақыт қажет болған.
Өскемен әкімдігінің мәліметінше, лифт мәселесін шешу үшін 2023 жылы бюджеттен қаржы бөлінген. Жұмысты мердігер «Связьсервисвосток» ЖШС жүргізді. Қазір үш лифт жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын салынған нысанға 10 жыл кепілдік береді. «Lifttek» компаниясы құрылғының қызметіне техникалық көмек көрсетеді. Яғни, ақау болған жағдайда ретке келтіреді. Бұл ретте қоғам белсенділері де жағдайды жіті қадағалап отыр.
2024 жылдың 1 қаңтарына сәйкес ақпарат бойынша Өскеменде 11 жарым мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары үздіксіз жалғасуда, дейді әлеуметтік сала мамандары.
Қоғамдық орындардың көпшілігінде қолжетімді орта ұйымдастырылған, бірақ қоғам белсенділерінің әлі де атқарар жұмысы көп.