Өскемендік «Арабеск» балалар-жасөспірімдер би ансамблі би байқауларында жүлделі орындардан түсер емес. Жақында ғана VIII халықаралық «Сибирский гран-при» байқау-фестивалінде бірнеше жүлдені қанжығаға байлап қайтты. Жас дарындар әділқазыларды несімен таңғалдырды?
Халықаралық байқауда «Арабеск» бишілері түрлі шығармашылық бағдарламасымен көптің көңілінен шықты. Ұлттық биден бастап заманауи билерге дейін әдемі қойылған нөмірлері жоғары бағаланды. Бишілердің жарасымды қимылдары мен әуезді әуен үйлесім тауып, мықты хореографтардың лайықты құрметіне бөленді. Ол ғана емес, әр нөмір сценарий, драматургия, мазмұны мен композициялық құрылымы жағынан да сыналады. Би ұжымы бір дегенде бірнеше номинацияда жеңімпаз болып қайтты.
Халық билері ұлттық сарынға ие, өзіндік ерекшелігімен таңғалдырады. Әртүрлі халықтардың мәдениеті, дәстүрімен танысуға мүмкіндік береді. София Гуляшованың хореографиямен айналысқанына 10 жыл болды. Оның айтуынша, әр бидің өзіндік ерекшелігі бар. Дегенмен соның ішінде оң жамбасына келетіні болады.
Мария Ткаченконың ансамбльде болғанына 8 жыл болды. Оның биге деген құштарлығы соншалық, келешегін өнермен байланыстыруға ниетті. Мектепті бітіргеннен кейін хореографияны жалғастырғысы келеді.
Байқаудан бағы жанып қайтса да бишілерге демалатын уақыт жоқ. Бапты жоғалтпау үшін босаңсуға болмайды. Күнделікті жаттығып, келесі сындарға әзірлік үстінде. Бишілер бірнеше айдан кейін Ресейде өтетін халықаралық байқаудың іріктеу турына қазірден дайындықты бастаған.