Шемонаиха ауданына қарасты бес елді мекенді су басу қаупі бар. Негізгі себептің бірі ауа –райының күрт жылынуы. Мұнда қазір алдын алу жұмыстары қолға алынған. Ауданда жергілікті әкімдік пен ТЖД мамандары бірлесе жұмыс атқаруда.

ТЖД мамандары Шемонаиха ауданында қорғаныс бөгеттерінің жағдайына тексеріс жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде арықтар мен өзен арналары тазартылды. Су тасқыны болған жағдайда 123 адам, 35 бірлік техника және 16 мотопомпа әзірленді.

Қазіргі кезде ауданда су деңгейіне мониторинг тұрақты жүргізіледі. Қажет болған жағдайда кезекшілік ұйымдастыру да қарастырылған. Сақтық шараларын жүргізу үшін 13 тонна жанар-жағармай қоры әзірленді. 400 тонна инертті материал, 3000 дана қап дайындалды.

Өзендерде мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін келісімшарт та жасалған. Шұғыл жағдай орын алғанда 700 адамды қамтитын 10 пункт қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, асхана, медициналық пункт, телефон байланысы да қарастырылған.

Алдағы уақытта ауданда «Су тасқынына қарсы айлық» жүргізіледі. Шара аясында құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар қарттарға үй маңындағы қарды шығаруға қол ұшын созады. Сонымен қатар, су басу қаупі бар тұрғын үйлерге ескерту жұмыстарын жүргізеді.