Ананың мойнына жүктелген жауапкершілік мол. Ал көпбалалы ана болу нағыз ерлікке татиды. Осындайда жұртты алаңдататын өзекті мәселенің бірі баспана екені белгілі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға баспана алу үшін арнайы бағдарламалар ұйымдастырылған. Дегенмен, қала тұрғындары әлеуметтік көмектің тиімсіз екенін айтып, базыналарын жеткізді.

Облыс орталығында Қазақстан халық партиясының төрағалығымен жиын өтті. Кеңесте банк өкілдері көпбалалы және жалғызбасты аналарға атаулы әлеуметтік көмек пен түрлі жеңілдіктер қарастырылғанын айтты. Бұл санаттағы азаматтарға «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» және «Нұрлы жер» жеңілдетілген несие беру бағдарламалары қолжетімді. Дегенмен, әлеуметтік бағдарламалардың шикі тұстары мен олқылықтары көп, деп шағымданды.

Пәтер алуды күту мәселесі тұрғындарды алаңдатып отыр. Баспана алу үшін жылдар бойы кезекте тұрғандар көп. Тіпті осы уақыт ішінде зейнет жасынан асып кеткендер де бар. Соның бірі – Қазима Сәрсенбаева. Ол пәтер кезегінде жүз он екінші болып тұр.

Көпбалалы отбасылардың жалпы табысы төмен. Азаматтардың қарыз жүгі де олардың пәтер алуына кедергі келтіреді. Көпбалалы ана Индира Батталованың пәтер кезегінде тұрғанына 10 жылдан асқан. Ол сарсаңға салған бағдарламаның әлі күнге дейін септігі тимегеніне налиды.

Бәрінің арманы бір болғандай, мұңы да ортақ. Жиналысты ұйымдастырушылар да мәселенің түйіні шешіліп, бір мәмілеге келгендерін қалайды.

Жиын соңында аналар өздерінің ұсыныстарын айтып, әлеуметтік бағдарламаға өзгеріс керектігін жеткізді.