Өскеменде үш жастағы бала құдыққа түсіп, мертіге жаздады. Абырой болғанда, анасы бүлдіршінді шұңқырдан дер кезінде алып шыққан. Дәрігерлердің айтуынша, бала дін аман. Десе де мұндай оқиғаның арты қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді.

Үйден шыққанда ешкім қай жерде қауіп төнетінін алдын ала білмейді. Өкінішке қарай, қала тұрғындары соңғы кезде жолда ашық қалған кәріз құдықтарын жиі көріп жүр. Тереңдігі шамамен 1,5 метр болатын дәл осындай ашық жатқан құдыққа 3 жасар бүлдіршін құлап кеткен. Анасы мән-жайды айтып берді.

Баланы тез арада көршілері жер бетіне шығаруға көмектесіп, жедел жәрдем бригадасын шақырған. Абырой болғанда мамандар нәрестенің өміріне ешқандай қауіп төнбегенін айтты.

 «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының теңгерімінде бір жарым мың шақырымнан астам сумен жабдықтау және су бұру желілері бар. Оларда 18 жарым мың су құбыры және кәріз құдықтары орналасқан.

Қазір зардап шеккен қыздың анасы тиісті органдарға арыз жазып, мәселені сот тәртібімен шешуге ниетті.