Демалыс күндері облыста ауа-райы тосын мінез танытып, халықты біраз әуреге салды. Мәселен, «Согорное-Барлық» тасжолында желдің күшеюінен екі рет қар көшкіні жүрді. Ал, Зайсан және Катонқарағай аудандарының бірнеше елді мекенінде еріген қар суы көшелерге толды. Жергілікті атқарушы органдардың, әскерилердің, полицейлердің және құтқарушылардың бірлескен жұмысының нәтижесінде тұрғын үйлерді су басу қаупі сейілді.

"Қазселденқорғау" ММ ақпараты бойынша жауын-шашынның көп түсуіне және желдің күшеюіне байланысты 14:30-да Катонқарағай ауданында, жергілікті маңызы бар "Согорное-Барлық" автожолының 16 шақырымында жалпы көлемі 1350 шаршы куб болатын қар көшкіні жүріп өтті. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Көшкін жолды ішінара жауып тастады. Жолдар сол күні тазартылды.

Зайсан қаласы, сыртқы ауа температурасының жылынуы және түнде жауын-шашынның түсуіне байланысты таулы жерлерде қар еріп, Жақсылық пен Ноғамбай көшелері су астында қалды. Алдын алу шараларының арқасында тұрғын үйлерді су басқан жоқ. Дәл осындай жағдай Катонқарағай ауданының Жұлдыз ауылында да болды. Қардың еруі нәтижесінде Амангелді көшесіндегі бір тұрғын үйдің ауласында су жиналған. Су арықты тазарту арқылы бұрылып, мотопомпамен 40 текше метр су сорылып, қиыршық тас төгілді. Ал Көкбастау ауылында Абай көшесінің 3 ауласын су басу қаупі туындады. Жедел әрекет арқасында ол қауіп те сейілді.