Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Диляра Қайдарова Өскеменге келді. Елдің бас онкологы облыс орталығындағы медицина мекемесін аралап, науқастарды емдеу ісіне енгізілген жаңа технологиялармен танысты.

Биыл облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы республикалық үйлестіру кеңесінің алаңы ретінде таңдалды. Бас онкологтың қатысуымен өткен жиында әр өңірдің түйткілді мәселелері көтерілді. Мәселен, мониторингтік топ жүргізген тексерулер нәтижесінде кейбір емханалардағы скринингтік бақылауда кемшілік анықталған.

Шығыс қазақстан елде қатерлі ісікке шалдыққандар саны бойынша көш бастап тұр. Жыл көлемінде аймақ дәрігерлері қатерлі ісіктің екі жарым мың дерегін тіркейді. Бірақ, аймақта онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға зор мүмкіндік бар. Мамандардың айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жұмысын жақсарту қажет. Себебі, дертті ерте анықтау осы қызметпен тығыз байлансты. Қатерлі ісікпен күресудің кешенді жоспарын жүзеге асыру бірінші орынға қойылуы тиіс.

Алдағы уақытта қауіпті дертке қарсы бірқатар жоспар жүзеге асады. Соның бірі – ерте диагностика. Бастама аясында наурыз айында өкпе скринингінің жаңа түрі енгізіледі. Бұл шара медициналық көмектің сапасын арттыруға сеп болмақ.