Зайсан шекара басқармасы 100 жылдық мерекесін атап өтті. Ғасыр бойы ел Шығысын қанды қол, ала көзден қорғап келе жатқан шекарашылар – бүгінгі күннің батырлары. Ұланғайыр Отанымыздың күншығыс тұсын сақтықпен қорып келеді. Бір ғасырда мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді. Әскери саланың талай тарландарын шығарған «ұстахана», дейді шекарашылар.
Зайсан ауданы бойынша Шекара басқармасы 1924 жылы құрылған. Аспан асты елімен шектескен аумақты мемлекеттік деңгейде сол уақыттан бері күзетіп келеді. Шекарашылардың «қара шаңырағы» ел қорғаған ерлерін қашанда ұмытпайды. Алдымен шейіт кеткен шекарашылар рухына тағзым етіп, мемориалға гүл шоқтарын қойды.
Мерейтойға орай тұс-тұстан құттықтаулар толастамады. Әсіресе, басқармаға еңбегі сіңген ардагерлерге Президент атынан алғысхаттар табысталды. Мұндай құрметке Шекара қызметінің офицерлері мен сарбаздары да ие болды.
Театрландырылған қойылым қойылып, рухтандырар бабалар сөзі айтылды. Әскерилердің мерейін асырған шараның бірі – музейдің ашылуы. Мың шаршы метр аумақта басқарманың тарихы мен дамуынан сыр шертетін 400-ден аса экспонат қойылған. Ардагер шекарашы Тұрсын Уажановтың айтуынша, Зайсан шекара басқармасы бастауын алған кезден бастап, тәртіп пен үлгілі қызмет жағынан үздік атанып келген.
Зайсан шекарашылары Қазақ-Қытай шекарасының 400 шақырымын күн-түн демей бақылайды. Қазір мұнда мың адам қызмет етіп жатыр. Қатарлары жыл сайын толығып келеді.
Жауынгерлік қатаң тәртіп пен күзеттің нақты үлгісі осында. Зайсан шекараға жасағы өткен жылы шекара тәртібін бұзған 70 адамды ұстаған. Әскерилерге жасалған жағдай да қуантарлық. Соның арқасында сапқа қосылған жастар қатары көбейіп келеді, дейді жас қызметкер Нұрлан Қанатұлы.
Салтанатты шара мәдениет үйінде жалғасты. Мерейтойға орай Белорусия, Ресей, Қырғызстаннан арнайы келген бұрынғы шекарашылар да бар. Осыдан-ақ басқарма Қазақстан шекара қызметінде көш басында екенін аңғаруға болады.