Аймақта «Жайлы мектеп» пилоттық Ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 4200 орындық 10 мектеп салынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев хабарлады.

Бұл мектептерді салудың мақсаты қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтық факторларын жою, сондай-ақ білім беру ортасының жаңа стандарттарын енгізу. Он мектептің бесеуі Өскеменде, біреуі Риддер мен Шемонаихада, үшеуі Глубокое ауданында салынады.

Құрылысы басталған жеті мектеп жыл соңына дейін салынып бітуге тиіс. Жайлы мектептердің ерекшеліктері - бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Бұл қауіпсіздік шараларын арттырады. Әр блокта психолог және логопед кабинеттері, биотехнология, STEM зертханалары, хореография залы, коворкинг орталықтар және 600 орындық мектептерде жеке спорт залдары болады.

Жалпы былтыр 3000 орындық жеті мектептің құрылысын бастауға Ұлттық қордан 9,4 млрд. теңге бөлініп, игерілді. Биыл оларды аяқтауға және 1200 орындық жаңа үш мектеп құрылысын бастауға 14,9 млрд. теңге берілді.