Шығыс Қазақстан жүре пайда болған иммун тапшылығы инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша республикада көш басында. Көңіл көншітпейтін статистиканың негізгі себебі сырқатқа шалдыққандардың қауіпті инфекцияға салғырт қарауынан, дейді дәрігерлер. Өңірде дерттің жылдам таралуы бірнеше ауданда айтарлықтай байқалған.

Нақтырақ айтсақ Шемонаиха, Глубокое және Риддер қаласында дерттің таралу белгісі көп байқалады. Мамандардың айтуынша, инфекция жұқтыру статистикасы соңғы жылдары өңірде көп өзгерген.

Облыста қауіпті инфекция жұқтырғандар саны 3000-нан асады. Бірақ ауруы расталғандардың көбі уақытында ем қабылдап, инфекцияның асқынуын алдын алуға асықпайтын көрінеді.

Психологтар мамандар да ауру жұқтырғандарға барынша көмектесіп, инфекцияның қаншалықты қауіпті екенін түсіндіргісі келеді. Дегенмен ЖИТС-қа шалдыққан жандардың көбі көмектен бас тартады.

Дәрігерлердің айтуынша, жыл сайын облыс тұрғындары арасында ЖИТС-инфекциясының 350-ге жуық жаңа жағдайы анықталған. Көбінесе бұл диагноз 30 бен 49 жас аралығындағы адамдарға қойылған. Дәрігерлер ЖИТС-инфекциясының ары қарай да таралмауы үшін қажетті шараларды үнемі жүргізеді.