Әз-Наурыз қарсаңында облыстық қан орталығының қызметкерлері серіктестерімен бірлесіп «Наурыз - бейбітшілік пен ізгілік мерекесі!» атты ұранмен донорлық акциясын бастады. Акцияның мақсаты мереке қарсаңында мұқтаж адамдарға көмек қолын созу. 

Қан орталығына таңертеңнен бастап келушілердің қарасы қалың. Тіпті азаматтар бұл күні ерекше белсенділік танытуда. Мұндай шаралар адамдар арасындағы мейірімділікті арттырады дейді,-мамандар.

Қан орталығында жыл бойы мерекелерге орайластырылған түрлі тақырыптық акциялар өтеді. Мұндағы басты мақсат өңір тұрғындарына донорлар туралы ақпарат беріп, игі іске шақыру. Иә, донор болу жауапты міндет. Себебі өз денсаулығыңды қадағалап, белгілі бір диетаны ұстану кез-келген адамның қолынан келе бермесі анық. Оның да өзіндік талаптары бар.

Донор - қанға мұқтаж адамдардың өмірін құтқаратын адам. Соның бірі Өскемен қаласының тұрғыны Роза Сүлейменова. Ол тоғыз жылдан бері донор болып, қан тапсырып келеді.

Акция барысында қан орталығында мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Келушілер киіз үйдің жанына суретке түсіп, мерекелік көңіл күйде жүрді. Бұдан бөлек, түрлі сыйлықтар да қарастырылған. Қан орталығының серіктестері донор болған азаматтарға «Арлан» дүкенінен жиһаз алуға арналған сертификат пен «Олимп» клиникалық диагностикалық лабаротория орталығының блокноттары мен қаламсаптары табыс етілді. Ал облыстық Қызыл жарты ай филиалының қызметкерлері мерекелік дастархан жайды.