Биыл аймақта «Жол жылы». Мемлекет басшысы Жолдауында жол жөндеу жұмыстары сапалы іске асырылу керектігін баса айтқан еді. Президент пәрменінен кейін өңірде автомобиль жолдары мен көшелерді ретке келтіру жұмыстары іске асырылуда. Биыл өңірде 600 шақырым жол жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр.

Қазірден бастап жол жөндеуге қатысты техникалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Биыл қаладағы Сәтпаев пен Жібек Жолы, Пермитин мен Славский көшелерінің қиылысындағы жол жөндеу жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ, Алматы қаласына шығатын Жібек жолы, Базовая көшесін қайта жаңғырту жобалары аяқталады.

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау үшін 29 млрд.теңге бөлінеді деп жоспарланған. Ал, республикалық маңызы бар 200 шақырымға жуық жолды, оның ішінде Шемонаиха, Риддер, Алтай, Семей қалалары бағыттарындағы жол жөндеу мәселесі де қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, биыл Қалбатау-Майқапшағай, Талдықорған-Өскемен, Осинов асуы республикалық жолдарын қайта жаңарту жалғасады.

Облыстық маңызы бар жолдар мен көшелерді жөндеуге барлығы 28,5 млрд. теңге қаражат бөлу жоспарланған. Жол жөндеуде жүргізілетін жұмыстарды жол активтерінің ұлттық сапа орталығы тексеріп, қадағалайтын болады.