Наурызнама 10 күндігі аясында аймақта қайырымдылық күні аталып өтті. Өңірге қарасты аудандарда мейірімділік пен татулыққа үндейтін шаралар ұйымдастырылып, қазақ халқының ізгі қасиеті насихатталды. Жақыныңа жанашыр болуға үндейтін салтанатты кеш Зайсан ауданында да өтті. Аудандағы музыка мектебінің үш жүзден астам оқушысы мәдениет үйінде концерт қойды. Оқушылар игі істі дәл осы күнге арнайы жоспарлапты.

Зайсанда қайырымдылық, мейірімділік пен татулық күні насихатталды. Қайырымдылық тек материалдық көмек көрсетумен шектелмейді. Бұл күні рухани қолдауға мұқтаждарды, көңілі жүдеу адамды жылы сөзбен жігерлендіру де маңызды. Бұл игі дәстүр қоғамда жанашырлық, мұқтажға көмек беру және жақсылық жасауға деген ұмтылысты арттырады. Демек, Наурыз мейрамы өзара көмек пен қайырымдылықтың да мерекесіне айналып келеді.Міне осындай ұранмен зайсандағы музыка мектебінің оқушылары қайырымдылық концертін ұйымдастырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық тақырыбын үнемі қозғайды. Ел президенті өз сөзінде қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет. Осы ретте барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынамын. Қоғамға қызмет етуді зердесіне түйген ұл-қыздарымыз нағыз азамат болары анық,деген еді.Қиналғанға қол ұшын созу – қазақтың қанында бар қасиет. Зайсандағы азаматтар қанда бар қасиетті оята білу керек деген пікірде. Сондықтан осындай игі шараларға өскелең ұрпақты жиі тартатын көрінеді.

Қайырымдылық адамдар арасында мейірімділік қалыптастырып, өзара жақындастырады. Қазақ халқы басынан өткерген талай қиындықты осы қайырымдылық арқылы еңсерген. Соңғы жылдары елде түрлі қайырымдылық шаралары өтті. Оған ел азаматтары біркісідей атсалысты. Кәсіпкерлер жағы мұндай бастамалардан шет қалып жатқан жоқ. Міне осындай атымтай жомарт азаматтар Зайсан ауданында да бар. Қиындыққа тап болғандардың жанынан табылып, өзгеге жылу сыйлай білген кәсіпкерлер бұл күні арнайы марапатқа да ие болды.

Халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді. Ал, қайырымдылық жасау үшін асып-тасқан бай болу керек емес. Ең бастысы, мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті.