Ұлыстың ұлы күнін Алтай ауданы тұрғындары да кең көлемде атап өтті. Қала тұрғындары үшін ұлттық тағамдар дайындалып, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Мерекелік шараға әріптестерім де куә болып қайтты.

Алтай ауданында наурыз мейрамы орталық алаңда тойланды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, алтайлықтар керемет көңіл –күйде. Бұл күні аудан тұрғындарына бес жүз литрден астам наурыз көже, бес қазан палау және жүз келіден астам ыстық бауырсақ әзірленді.

Грехово ауылындағы оңалту орталығынан мерекені тойлауға келгендер де бар. Олар түрлі қолөнер бұйымдарын арқалай келген. Оның ішінде ағаш, шыны, қайыңның қабығынан, қағаздан жасалған дүниелер бар.

Алтайда Наурыз мерекесі биыл жаңа форматта өтті. Өңір өнерпаздары әннен шашу шашып, қыздар мың бұрала би биледі.

Мерекелік шарада ең үлкен бауырсақ, ең дәмді чак-чак және ең ұзын бұрым бойынша сайыс ұйымдастырылды. Үздіктерге арнайы сыйлықтар да бар. Қатысушылардың бірі - Елена Иванова салмағы 6 келіден асатын «Алтын чак-чак» дайындап, жеңіске жетті.

Аудан тұрғындары мен қонақтар үшін мерекені ұйымдастырушылар түрлі шаралар дайындады. Ер-жігіттер қазақша күресте күш сынасып, арқан тартысты. Қол күресте білек сынасып, қошқар көтерді.