Облыс орталығында көктемнің шуақты, ұлық мерекесі Әз-Наурыз кең ауқымда тойланды. Мерекелік шаралар қаланың барлық аумағын қамтыды. Өңірдегі ірі кәсіпорын «Казцинк» ЖШС қолдауымен «Достық үйі» - қоғамдық келісім орталығының» алдына киіз үйлер тігіліп, дүйім жұртқа арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

Наурыз – жаңару мерекесі. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға арналған думанды мерекеде ақжарма тілектер айтылып, халықтар достығы мен береке-бірлігін паш ететін концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұған мұрындық болып отырған Казцинк компаниясы.Өнідіріс орнында 25 мың азамат қызмет етеді. Оның ішінде түрлі ұлт өкілдері бар. Сондықтан бұл мерекені бір кісідей атап өтеміз дейді,- Казцинк компаниясы ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. Осыған дейін кеншілер Өскемен металлургиялық кешенінің жанында Наурыз мейрамын кеңінен атап өткен болатын. Онда қызметкерлер мен олардың отбасыларына мерекелік концерт қойылып, дастархан жайылды.

Мерекелік кешке жиналғандар ұлттық ойындар мен түрлі жарыстарға белсене қатысты. Қала тұрғындарын Қазақстан халқы Ассамблеясының фотокөрмесі қойылған киіз үйлер, садақ ату, ыстық бауырсақтар және дәмді палау күтіп тұрды.

Бұл күні халық әндері шырқалды. Мың бұралған бишілер би биледі. Достық үйінің сахнасында этномәдени бірлестіктер өздерінің өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Орта Азия халықтарының жыл басы, әрі көктем мейрамы саналатын халықтық мереке сән-салтанатпен атап өтілді. Өскемендіктер Наурыз мерекесін шад-шадымен көңіл күйде қарсы алды.

Казцинк компаниясы наурыздың он күндік мерекесіне белсене қатысты. Сонымен қатар, орталық алаңда өткен «Үздік киіз үй» байқауы мен 17 наурызда ұйымдастырылған «Jastar Nauryz Fest» фестивалінің жүлде қорына демеушілік етті.