Наурызды аудан, ауылдар да дүркіретіп тойлады. Глубокое ауданы, Белаусовка кентінде орталық алаңға жиылған жұрт, мейрам көркін қыздырды. Киіз үйлер тігіліп, халыққа наурыз көже таратылды.
Бұл күні дүбірлі той болды. Қаз-қатар жасау-жабдығы келiсіп тігілген ақшаңқан киіз үйлер қазақтың кербез сәнінің белгісіндей мейрамның салтанатын ашып, көрер көзді сүйсіндіреді. Дуылдасқан жұрт мерекелік көңіл-күймен мидай араласып, бір-бірімен көрісіп, сәлемдесуде.
Мейрамнан жастар жағыда шет қалмады. Түрлі спорт ойындарына қатысып, ән шырқап, би жарыстырған олар көпшілікке керемет әсер сыйлай білді. Аудан әкімі Эльдар Тұмашинов тұрғындарды ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Кенттегі Әз Наурыз мейрамына өз ұжымын түгел ертіп келген Белоусовка орта мектебінің директоры Мархабат Карибаева жерлестерді жыл басталып, табиғаттың қайта оянған күнімен құттықтады.
Күн мен түннің теңесетін табиғаттың ұлық мерекесін тойлаған жұрт, дүбірлі тойдың көңілден шыққанын айтады. Жасы да жасамысы да түгел жеті түрлі тағамнан жасалған көжеден дәм татып, мәз мейрам болысты.